Америкалықтар қыз алып қашу дәстүрі туралы фильм түсіреді

Америкалықтар қыз алып қашу дәстүрі туралы фильм түсіреді

Жақында қазақстандық прокатқа шыққан "Свадьба на троих" фильмі көпшілік көңілінен шықты. Көрермендер оның халық менталитетіне сай түсірілгеніне риза болып, екінші бөлімін асыға күтіп отыр. Осыған орай, фильм туралы толық ақпаратты продюсері Баян Ерімбеттен алуды жөн көрдік. 

- Көрермендер көзайымына айналған фильмнің идеясы қалай туды?

Оның сюжетін өзім ойластырдым. Яғни, идея өзіме тиесілі. Оны Америкада продюсерлік салада оқып жүрген кезден бастап ойластыра бастадым десем де болады. Жер бетінде қанша халық болса да, барлығына ортақ бір сезім бар. Ол - оты мәңгілік лаулап жанатын махаббат сезімі. Қазақстандықтарға махаббат туралы тың хикая ұсынуды жөн көрдім.

- Фильм сюжеті қыз алып қашу дәстүрімен байланысты. Осы дәстүрге деген көзқарасыңыз қандай?

Қыздың келесімінсіз алып қашу жиі болып жатады. Ал мен бұл дәстүрді тек екі жақтың келісімі болғанда немесе бұл романтикалық оқиғаның бір бөлігі болған жағдайда ғана қолдаймын. Өмір адам баласына бір-ақ рет беріледі. Осы өмірін әркім сүйіктісімен ғана өткізуі керек. Біздің фильмде сюжет осы дәстүрдің негізінде өрбиді. Авторы өзіміз болғандықтан, ананың мәпелеп өсірген қызына зорлық-зомбылық көрсеткіміз келмеді. Мұндайға толықтай қарсымыз. Оны жабайы әрекет деп бағалар едім.

- Сонда фильм арқылы зорлық-зомбылыққа қарсы екеніңізді білдіргіңіз келді ме?

Бұл – комедия жанрында түсірілген фильм. Онда алып қашу тек қыздың келісімімен болады. Ол басқа жігітке атастырылып, сүйіктісіне қосыла алмағандықтан, осы дәстүрге жүгінуге мәжбүр болады.

- Актерлерді қалай таңдадыңыздар?

Бізге актерлерді арт-директор ұсынды. Оларды шетінен шақырып, кастинг жарияладық. Басты рөл бұған дейін КВН ойындарында бой көрсетіп жүрген Дәурен Айдарқұловқа бұйырды. Бұл оның алғашқы рөлі болса да, өзін актер ретінде жақсы қырынан танытты. Жарым Асқар оның ерекше талантын мойындайтындықтан, шақырған екен. Арт-директорымыз ұсынған Аружан Жазылбекова да кастингтен сәтті өтті. Өз рөліне әбден лайық болды. Ал Нұртастың қабілетін өзім де бұған бес деген бағаға бағалайтынмын.

- Басты кейіпкер Әлия ата-енесінің үйінде джинсы шалбар, қысқа көйлек киіп жүреді. Оның бұндай киімі сынға ұшырайды деп қорықпадыңыз ба?

Оны тым қысқа киімдер киді деп айта алмаймын. Көйлегінің ұзындығы тізесіне дейін жетіп тұрды. Оның үстіне өзі де ақылы көркіне сай сымбатты қыз. Ешбір міні жоқ. Бойынан қазақы биязылықты көреміз. Аружанның өзіне жарасатындай көйлектер таңдалды. Мүмкіндігінше романтикалық стильде киіндіруге тырыстық. Ол үшін арнайы мамандар жалдадық.

- Осы күнге дейін фильмді қанша адам көріп үлгерді?

Мен нақты санын айта алмаймын. Қай кинотеатр болмасын залдың көрерменге лық толы болғанын білемін. Мұнымен қатар, екінші аптадан бастап сеанстардың саны артты. Kino.kz сайтынан оның қаншалықты көп көрсетілгенін анықтауға болады. Алматыда барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Сеанстар санының көбеюі сұраныс бар екенін білдіреді. Яғни, халықтың көңілінен шықты.

- Фильмді түсіру үшін жалпы қанша қаражат жұмсадыңыздар?

350 000 АҚШ доллары жұмсалды.

Түсірілім қанша уақытқа созылды?

Барлығын ескерсек, шамамен бір жылдан артық уақыт кетті. Бұл уақытта біз сценарийін ойластырдық, түсірілім өтті, актерлерге кастинг жарияладық, монтажы мен халыққа таныстырылуы бар дегендей.

- Фильмді қай жерлерде түсірдіңіздер?

Алматы қаласында, Қапшағайда түсірдік.

- Фильм саундтректеріне тоқталып өтсеңіз. Оны арнайы жаздырдыңыздар ма?

Иә. Екі саундтрек бар. Бірі – қазақ тілінде, екіншісі – орыс тілінде. Композитор Нұрлан Қаражігітов жазған өлеңді Қанат Сыбанов орындайды, ал қазақ тіліндегі нұсқасы «Орда» тобына тиесілі. Өлең «Алып кет» деп аталады. Екі өлеңге де бейнебаян түсірдік. Оларды ғаламтор беттерінен тамашалай аласыздар.

- Фильмді шетелде көрсеткілеріңіз келе ме?

Бізге Америка команияларының бірінен ұсыныс түсті. Олар бұл фильмнің тағы бір нұсқасын түсіріп көргілері келеді. Біз, тіпті, трейлерін де дайындап қойдық. Оны ғаламторға бүгін жариялаймын. Фильм қыз алып қашудан басталады. Рөлдерді америкалық актерлер сомдайды. Халыққа ұнайды деген ниеттеміз.

- Сұхбатыңызға көп рақмет! Сіздерге шығармашылық табыс тілей отырып, фильмнің екінші бөлімін асыға күтетінімізді жеткізгіміз келеді!

Сурет: comode.kz 

Қ. Бүйенбай