- Негізгі бет
- Кино
- «Арындылар» алдағы уақытта...
«Арындылар» алдағы уақытта сериал түсірмекші
Fox телеарнасы «Арындылар» («Неудержимые», түпнұсқасы: «Тhe expendables») трилогиясының негізінде сериал түсірмекші. Бұл сериалға боевик жанрындағы кино жұлдыздары түседі. Дегенмен, сериалдың қалың көрерменге қашан жол тартатыны әзірге белгісіз.
Әртістерді таңдау әлі бастала қоймаған, десе де аталған телеарна басты рөлдерді Чак Норрис («Мықты Уокер», түпнұсқасы: «Walker, Texas Range», орысшасы: «Крутой Уокер»), Кифер Сазерленд («24 сағат», түпнұсқасы: «24», орысшасы: «24 часа»), Том Селлек («Жеке детектив Магнум», түпнұсқасы: «Magnum, P.I.», орысшасы: «Частный детектив Магнум»), Скотт Бакул («Квантты атыс», түпнұсқасы: «Quantum Leap», орысшасы: «Квантовый скачок»), Мистер Ти («А командасы», түпнұсқасы: «The A-Team», орысшасы: «Команда А») атты кейіпкерлердің сомдайтынына сенімді.
Телеарна басшылығы, тіпті, ерлердің шайқасы туралы шытырман сериалда нәзік жандылардың да ойнайтынын да жасырмады. Сериалдың фильмнен ерекшелігі де осы. Олар — Люси Лоулесс («Зена — жауынгерлер патшайымы», түпнұсқасы: «Xena: warrior princess», орысшасы: «Зена — королева воинов») пен Дженнифер Гарнер («Тыңшы қыз», түпнұсқасы: «Alias», орысшасы «Шпионка»). Шытырман оқиғаға толы сериал көңілді экшн-драма ретінде түсіріледі, ал кейіпкерлер террористтермен күрес секілді түрлі тапсырмаларды орындайтын болады.
Жалпы, «Арындылар» киносының алғашқы бөлімі көгілдір экранға 2010 жылы шыққан еді. Бұл фильм Сильвестр Сталлоне, Джейсон Стэтхэм, Микки Рурк және Дольф Лундгрен сынды Голливуд жұлдыздарының арқасында әлемге бірден танылды. Ал фильмнің жалғасы ретінде 2012 жылы «Арындылар 2», былтыр «Арындылар 3» фильмдері жарық көрді. Үш фильм қорға 800 миллион АҚШ долларын түсірген.
Бұл киноның басты рөлін сомдаған Сильвестр Сталлоне бұл жолы фильмнің сериалын түсіруде продюсер қызметін атқарады. Бүгінгі таңда телеарна ұжымы мен продюсерлер біріге отырып, сериалдың төртінші бөлімімен айналысып жатыр.
Сурет: planeta-kino.com.ua, mindblowingpicture.com, vgwallpaper.com.
Е. Жұмабайұлы