Ермек Тұрсынов 25 жыл бұрынғы сценарий бойынша фильм түсірді

Ермек Тұрсынов 25 жыл бұрынғы сценарий бойынша фильм түсірді

Қазақстанның белгілі кинорежиссері Ермек Тұрсынов "Жат" аталатын фильм түсірді, оның сценарийін өзі 25 жыл бұрын диплом жұмысы үшін жазған, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі.

лд

"Жат" фильмі өмірде болған оқиғаларға негізделген, онда 30-жылдары өмірден баз кешіп, тауда ғұмыр кешуге кетіп қалған Ілияс есімді ер адамның басынан кешкен жайттар баяндалады. "Біз Ермек екеуіміз түсірілім алдында бас кейіпкер прототипінің моласына бардық, онымен таныс болған адамдармен әңгімелестік. Ермектің өзі оны бала кезінде көрген. Ер адам 30-жылдары тауға кетіп қалып, өмірінің соңына дейін оралмады. Ол өркениеттен мүлдем қол үзді деуге болмайды, бірақ бар ғұмырын жалғыздықта өткізді", - дейді картина продюсері Қанат Төребай. 

дж

Ермек Тұрсынов осылайша адам тағдыры туралы кезекті тәмсілін ұсынып отыр. "Бұрынғы еңбектеріндегідей бұл киноға да ол терең философиялық мағына беріп отыр. Картинада қайткенде адам болып қалу керек деген мәселе көтеріледі. Тобырдан бөлек кету мен оның ортасында өмір сүрудің ара-жігі туралы айтылады. Бұл - үлкен философиялық жұмыс", - деді Төребай. 

лд

Картинаның түсірілімі 2014 жылдың қараша айында аяқталған. Кино Алматы облысының тауларында түсірілді. "Жат" лентасы қазір постпродакшн кезеңінде. Фильмде негізгі рольде "Келін" лентасы арқылы таныс Ержан Нұрымбет ойнайды. Айта кетейік, режиссер бір жыл ішінде инвесторлар қаржысына екінші фильмін түсіріп отыр. 2014 жылдың наурызында оның "Кемпір" фильмі прокатқа шыққан еді. Ал биыл сәуір айында Тұрсыновтың "Кенже"картинасы көрерменге жол тартады. 

сурет: tengrinews.kz

Е. Қайрахан