Қыздармен бірге көруге болатын фильмдер

Қыздармен бірге көруге болатын фильмдер

Міне, қысқы демалысты да өткеріп жатырмыз. Қыс маусымында күннің қысқа, ал түннің ұзақ боларын ескерсек, демалысты жылы үйде кино көрумен өткізуден басқа амал жоқ секілді. Осы орайда сүйген қызыңызбен не жарыңызбен бірге қандай кино көруге болатыны туралы бірнеше рет ойланған да боларсыз.

Дұрыс фильмді таңдау әрқашан сәтті бола бермейді. Себебі, ер кісі ұнатқан кино қыздың көңілінен шықпай қалуы әсте мүмкін. Біз барынша ортақ қызығушылыққа ие фильмдердің ретін ұсынуды жөн көрдік.

Заманауи фильмдер

Соңғы жиырма жылда күллі адамзат баласына қызық болатын көптеген фильмдер түсірілді. Демек, олардың ішіндегі таңдаулылары сізді де бейжай қалдырмасы анық. Солардың бірнешеуін тізіп көрсек:

- «Шаушенктен қашу» (Побег из Шоушенка) және «Жасыл миля» (Зеленая миля). Бұл екі фильм қазіргі заманның белгілі жазушысы Стивен Кинг бестселлерлерінің желісі бойынша түсірілген. Көптеген кино рейтингтердің төрінен орын алған фильмдер сіздердің де көңіліңізден шығады деп үміттенеміз.

- «Шиндлер тізімі» (Список Шиндлера), «Леон», «Хатико», «Құлдықтағы 12 жыл» (12 лет рабства) және «Пианист». Аталған фильмдердің кейбір эпизодтары тарихи шындыққа жанаспаса да, режиссердің еңбегі көзіңізге жас алдырады.

- «1+1», «Әлеуметтік желі» (Социальная сеть), «Аватар», «Қолыңнан келсе, қуып жет» (Поймай меня, если сможешь ) және «Кедейден шыққан миллионер» (Миллионер из трущоб). Аталған фильмдер әртүрлі жанрға тиесілі болса да, ортақ бір сезімге баулитын әсері бар. Тізімдегі кинолардың әр қайсысы көңіл-күйіңіздің көтеріңкі боларына кепіл бола алады.

- «Титаник» және «Терминал» сынды фильмдер 95% нәзік жандыларға ұнары анық. Егер аталған фильмдерді көріп үлгермеген болсаңыз, басқа фильмді іздеудің де қажеті жоқ.

Махаббат туралы фильмдер

Қыздар жағы махаббат туралы киноларды ұнатады. Ал жігіттер қыз жанында жүрек қылын шертіп, көңілді кемсеңдетер киноларды көргенді жөн санамайды. Алайда фильм барысында ер кісіні қызықтыратын эпизодтар болып жатса, екеудің де көңілінен шығары анық. Нақтырақ тоқталып өтсек:

- «Естеліктер күнделігі» (Дневник памяти). Бұл фильмде актерлердің шеберлігі анық байқалады. Сюжеті де өте қызық.

- «Нағыз махаббат» (Реальная любовь) – нағыз ағылшын әзілі. Сюжеттің шиеленісі көрерменге әсер етпей қоймасы анық.

- «Перл Харбор» және «Троя» – соғыс пен махаббат қиссасы. Фильмде ер кісінің қызға деген сезімі мен Отан алдындағы борышы бір нүктеде ұштасқан.

- «Көл маңындағы үй» (Дом у озера) сезімге толы драма болса да, киноға біраз фантастика араласқан. Сүйген жұптың диалогы фильмнің ең ұтымды тұсы болмақ.

- «Суыр күні» (День сурка), «Таныс болыңыз, Джо Блэк» (Знакомьтесь, Джо Блэк), «Әйелдер нені қалайды» (Чего хотят женщины) және «Кейт пен Лео» – қыз бен жігіттің қарым-қатынасы туралы түсірілген үздік фильмдер.

- «Марли және мен» (Марли и Я) – махаббат пен отбасылық өмір туралы фильм.

- «Сізге хат» (Вам письмо) – бизнес пен махаббатты ұштастыра алмай жүргендерге арналған кино.

- «Артист» – бүгінгі заманға біршама оғаштау келетін дыбыссыз фильм.

Сурет: planetaua.net, www.ttv.su, www.theplace.ru
Ж. Өрісбай