- Негізгі бет
- Кино
- "Аналар-3" фильмі прокатқа...
"Аналар-3" фильмі прокатқа шықты
Ана дейтін ардақты жанның адам өмірінде алар орны мен мәртебесі ерекше. Жүрегі жалғыз баласын емес, барша адамзатты сүюге лайық. Олардың сипатын мың ақын тізе бүгіп қатар жазса да, дәл бере алмайтыны анық. Себебі, олар бізге өмір ғана сыйлап қойған жоқ, бар ғұмырын арнады.
Жасымыз ұлғайған сайын анамыздың жүрегіне қаяу түсірумен боламыз. Көп баланың анасын аймалап, жылы сөздер айту мүмкіндігінен айырылғандығын ескере бермейміз.
Осы аналардың алтын жүрегі атқарған алып істер Георгий Мальков пен Эмиль Никогосян бірігіп түсірген «Аналар-3» фильмінде көрініс тапқан.
«Аналар-3» фильмі – әйгілі ресейлік, жыл сайын Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында көрсетілетін туынды. Туындының сюжетіне келер болсақ, Жаңа жыл қарсаңында ұшақпен Прагаға аттанып бара жатқан үш ана ауа райының қолайсыздығынан Польшаның кішкене ауданында қалып қояды. Қала тұрғындары мерекеде көңіл көтеріп жүрген болар деген ниетпен келесі рейс келгенше қаланың орталығына қыдырып барады.
Ертегі іспеттес қалада тірі жан байқалмайды. Фильмнің бас кейіпкерлері өзге дүниені көруді жоспарлағанымен, мейрамның ешқандай ізі байқалмайды. Бұл тыныштыққа бойы үйренбеген аналар қаланы өз тәртібіне бағындыруды жөн көреді. Ол тәртібі - «оливье» салаты төрден орын алған берекелі дастархан, Аяз ата, отшашу және шырша. Бұл мақсаттарын жүзеге асыруға өздерімен бірге ұшып келген әке мен бала және қала тұрғындары көмектеседі.
Фильмде басты рөлдерді Анастасия Заворотнюк, Ольга Волкова, Мария Сёмкина, Гарик Харламов, Андрей Ургант, Тимур Родригез сынды актерлер сомдайды.
"Аналар-3" фильмі алғашқы бөлімдерімен салыстырғанда альманах емес, өзіндік бағыты мен мақсаты бар оқиғалар тізбегі.
Аталған фильмді отандық кинотеатрлардан 25 желтоқсаннан бастап көре аласыздар.
Сурет:kino.ru
Қ. Бүйенбай