Бұл − әдеттегі ертегі емес

Бұл − әдеттегі ертегі емес

Американдық жаңа "Орманға тереңдей бергенде..." (Into the woods) фильмі 2014 жылдың соңына түскен екен. Әдетте киноиндустрияда жаңа жыл қарсаңына ертегі, сиқырлықпен байланысты фильмдер көрсетіледі. Бұл жолы кезек Роб Маршаллдың туындысына келіп жетті.

Бұл фильмнің өзге фильмнен ерекшелігі – мюзикл жанрында түсірілді. Қиялға негізделген, ескі сюжетті жаңғыртып, оған жаңа элементтер қосып, жарыққа әкелген бұл туынды көрерменнің көңілінінен шығары анық.

Disney әлемінің танымал кейіпкерлері Сindirella (золушка), Little Red Riding Hood (қызыл телпек), Rapunzel (рапунцель) бір ертегіде кездесіп, жаңа сюжеттің тууына себепкер болады.

Бұл мюзиклді өзге режиссерлер осыған дейін де қоюға талпынған еді. Алайда бұл нұсқа әзірше ең сәттісі.

Фильмнің соңына жеткенде ғана бүкіл ертегіні наубайшы баласына әңгімелеп отырғаны түсінікті болады. Жоғарыда аталған кейіпкерлердің бейнесі өз қалпында қалғанымен, кішігірім, бірақ маңызды элементтер өзгеріске ұшырағаны байқалады.

Сондай-ақ арнайы эффектілерді де айтпай кетуге болмайды. Барлық декорациялар сапалы, фильмді ертегі ретінде қабылдауға көмекші екені байқалды. Тіпті, кейіпкерлер киімі де қалай болса солай таңдалған емес. Барлығы бір-бірімен тығыз байланыста.

Көрермен бұл фильмнен қандай ой түйеді? Кез келген фильмде әдетте бір идея болады. Ал бұл туындыда ол бірнеше секілді көрінді. Ең алдымен, ертегілік ғажайып, асыра фантастика бар деп айта алмайсың. Кез келген қиялдың да шегі бар... Бұл фильмде бұл шекара сезіледі-ақ. Екіншіден, біз үйренген «ханзадалар – керемет сұлу, сұңғақ болуымен қатар еліне қамқор, отбасына адал, сезімге берік» болып келеді. Ал бұл фильмде бұл қағида айнадай шағылған. Керемет ханзадамыз өз рөлінен ауытқыды. Бірақ алысқа ма, жоқ па оны өздеріңіз көргенде шешесіз. Үшіншіден, наубайшының өз ішіндегі күресінің бейнесі, әлде мұны тағдырға мойынсұну деп атаймыз ба? Не де болса, адамгершілік қасиеттерінің, адамдар арасындағы екі типтің күресі мұнда алдыңғы планға қойылған.

Актерлік құрамы жақсы таңдалғанын да айта кету жөн. Бізге осыған дейінгі фильмдерден таныс Джонни Депп, Мэрил Стрип, Анна Кендриктер бұл фильмде өздерін жаңа қырынан көрсетеді. 

Фильмнің тағы бір маңызды ерекшелігі − кейіпкерлер диалогтары ғана дубляждалып, өлеңдер оригинал кейпінде қалып, субтитрлермен сүйемелденіп отырады. Бұл көрерменнің фильмді нағыз мюзикл ретінде қабылдауына арнайы бағытталған әдіс деген ой түйдім.

Бұл мюзикл бұрынғы мюзиклден өзгерек... Сапалы, әрі психологиялық астары бар, фантэзи, комедия жанры бойынша да "5" деген бағаға ие кинотуынды. 

Бұл фильм елімізде 25 желтоқсаннан бастап көрсетіледі.

Сурет: hdwallpapers.in, stitchkingdom.com

Оқи отырыңыз:

"Перизаттар: құбыжық туралы аңыз" анимациялық фильмі туралы

"Сәбина келін" фильмі туралы

Арнайы Massaget.kz үшін

Ф. Абилова