- Негізгі бет
- Кино
- «Ақымақтың күні» фильмінің...
«Ақымақтың күні» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті
Қараша айының 12-ші жұлдызында Меломан холдингі мен Bekmambetov Cinema кинотеатрының ұйымдастыруымен «Ақымақтың күні» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Ресейдің Рязань облысында түсірілген бұл кино Гогольдің "Ревизорының" жаңғырығы іспеттес. Фильмнің шамамен орта шеніне жақындағанда "мынау отандық "Абайла, сиыр" фильміне ұқсайтын секілді" деген ой келеді. Бұл фильмде де сюжет желісі ауылдағы әкімшіліктің жұмысы, өздерінен жоғары лауазымдыларға жағымпаздық бейнеленеді.
Алайда, ол тек бір қырынан қарағандағы көрініс. Бұл фильмнің басты мақсаты − басқарушы қызметтегілердің жоғарыдан бөлінген қаражатты "жеуі", сыбайлас жемқорлықты әшкерелеу. Басты рөл Алексей Веселкинге беріліп, ол Ванька атты кейіпкерді сомдап шықты.
Қаланың қымбат қонақ үйлерінің бірінде швейцар қызметінде жүріп, кредит алып, үй-күйі жоқ ол күнде өз көлігінде түнейді. Күндердің күнінде оған банкке қарыз адамдардан ақшаны қорқытумен алатын кісі − Сергей Сергейұлы (Александр Лыков) келіп, ақша талап етеді. Өлімге жақын екенін сезген Ваня "фермер әкесі" туралы оқиға ойлап тауып, Сергейді алдап, әкесі қарызды төлейтінін айтып, көндіреді. Жолда аялдап тұрған мезетте Ваняның көлігін сол жердің әкімінің қызы Маша қағып түсіреді. Осы жерден бастап кейіпкерлеріміздің өмірі өзгереді.
Жағымпаздықтың түбінде қызын сатқан әкім мен өтірікке белшесінен батқан Ваняның оқиғасы немен аяқталғанын қарашаның 13-нен бастап көре аласыздар.
"Ақымақтың күні" фильмнің астарында көптеген елдердегі, оның ішінде, тіпті, кішкентай ауылдардағы проблемалар жатыр. Фильм комедия жанрында түсірілген, логикаға шамалы сәйкес келмейтін тұстары да бар.
Сурет: ©Massaget.kz
Видео: youtube.com
Ф. Абилова