Жуырда кинотеатрларға «Дракула» атты фильм шығады

Жуырда кинотеатрларға «Дракула» атты фильм шығады

«Дракула» фильмі Америкада Гари Шордың жетекшілігімен түсірілді. Премьерасы әлемде 1 қазанда, ал елімізде 9 қазан күні шығады.

Бұл фильм «Аңыз мәңгілікке айналмақ» деген слоганмен жарнамаланып жатыр. Фильмнің актерлік құрамында Люк Эванс, Доминик Купер, Сара Гадон, Саманта Баркс, Зэк Макгоун, Чарли Кокс, Пол Кэй және тағы басқа актерлер бар. Басты рөлді сомдау бізге «Форсаж», «Қарға» және «Робин Гуд» фильмдерінен белгілі Люк Эвансқа түсті. Көптеген көрерменнің бұл актердің талантына риза екеніндігін фильмнің трейлері шығуынан бастап, халықтың назарына ілігіп, жағымды пікірлерге ие болғанынан байқаймыз.

Бұл фильмнің трейлері бойынша басты кейіпкердің жауының мықтылығы мен қулығы Дракуланы өзінің жанұясын қорғау үшін шара қолдануға итермелейді. Ол өзіне адамға тән емес күш сұрайды және оған ие болады.


Негізінде, аңыз бойынша Дракула ең мықты, қу, айлакер және ақылды кейіпкер. Ол туралы әлемде сан түрлі кітаптар жазылып, фильмдер мен сериал түсірілді. Ең қызықтысы, олардың әрқайсысының бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар. Бірінде дракула жағымды кейіпкер болса, екіншісінде, керісінше, жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленген. Бұл кейіпкердің айналасында көрермендер тарапынан сыни пікір өте көп. Ең алдымен, рөлді сомдайтын актер. Әр фильмде ол әртүрлі болғандықтан, бірінің бойы ұзынырақ, бірі денелі болып келсе, басқаларының шашы ұзын, не тым қысқа болған. Содан кейін сценарий құрылымы. Сюжет желілері де кейде бастапқы «Дракуладан» мүлде басқаша болғандықтан, көрермен сынына түсіп жатады. Алайда, егер сюжет сол күйінде қалатын болса, еш маңызды өзгеріссіз түсірілсе, оны көрудің де мәні болмайды емес пе? Кейбір фильмдерде дракула қу, ақылды және еш қиындық көрмейтін кейіпкер болып бейнеленсе, кейбір кітаптарда өмірдің сынағына түсіп, оқырманның қолдауына ие болып та жатады.

Гари Шордың бұл фильмінен біз не күтеміз? Люк Эванстың кейпімен алдымызға шығатын дракуланы көрермен ұнатады ма? Фантастикалық жанрдағы бұл туындыны біз қазанның 9 жұлдызында көре алатын боламыз.

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: kinopoisk.ru

Ф. Абилова