Шынайы махаббат сүйісі

Шынайы махаббат сүйісі

Жыл басында 2014 жылдан күтілетін ең үздік фильмдер тізімінің алдыңғы қатарынан Роберт Стромбергтің тұңғыш рет режиссерлік етуімен жарық көретін «Малефисента» фантастикалық фильміне орын бергеніміз есіңізде ме? Сонан бері төрт айдың жүзі өтіпті. Айлар бойы асыға күттік. Анджелина Джоли қазақша сөйлейді дегенді естігенде фильмге деген қызығушылығымыз онан сайын арта түскен еді. Содан не керек, күні кеше ғана фильмнің премьерасына қатысу мүмкіндігі туды. Көрдік. Тамсандық. Қол соқтық.

Әдетте Малефисента дегенде есімізге диснейлік классикалық «Ұйқыдағы ару» мультфильміндегі жауыз әйел есімізге түседі. Ол құдіретті, зұлым, жасыл терілі пері еді. Алайда, біз көрген Малефисента мүлде басқаша. Адамдардың бойындағы ашкөздік, қызғаныш сынды улы сезімдерге жиіркене қарайтын, бейбітшіліктің ұйытқысы бола білген пері бізді ғашық етті. Таңғажайып сиқырмен айналысатын кішкентай Малефисента ертегі кейіпкерлерімен бірге орманда бейбіт өмір сүріп жатқан, көп ұзамай барлығы да өзгерді. Ол аяусыз сатқындықтың куәгері болады. Қанатынан айырылған Малефисента барлығынан қорғануға мәжбүр. Тек өзін емес, өзгелерді де қорғауы керек. Басты кейіпкер ашудың күшімен өзі  сүйген Стефан патшаның жаңа туған сәбиі Аврораға қарғыс айтады. Артынша бұл әрекеті үшін қатты өкінеді... Фэнтези, боевик, триллер, драма, мелодрама, детектив, отбасы, таңғажайып оқиғалар сынды жанрлардың басын біріктірген «Малефисентаның» қызығы мұнымен бітпейді. Алдағы апталарда кинотетар есігін қақсаңыз, бәрін де түсінесіз.

Фильмде «Махаббат бар» және «Махаббат жоқ» деген пікірдегі екі түрлі қоғамдық топтың арасындағы талас-тартыс та әдемі өрбіген. Мұнан басқа, табиғат пен адамның, тазалық пен темір технологияның да текетіресі қамтылған. Патша мен Малефисентаның махаббатқа деген өшпенділіктері шынайы махаббатпен болған сүйісті көрген қара қарғаның «Шынайы махаббат деген осы...» деген сөздерінен кейін күл-парша болады. Сіз де махаббат тек қыз бен жігіттің арасында болады деп ойлайсыз ба? Біз де солай ойладық. Алайда, фильм мүлде басқа нәрсені айтқысы келген. Қарғысты қайтарған – ана, әйел махаббаты. Алпыс екі тамырды идірген ана махаббаты барлығын да жеңе біледі. Джоли бұл фильм арқылы абыройына абырой қосып, кино әлемін дүр сілкіндірді. Актриса бала кезінен Малефисентаны жақсы көргенін мойындаған. Анджелина өте қорқынышты, зұлым, бәрібір де сұлу...

Мен ойлаймын, жоқ, мен сенімдімін соңғы минуттарда әдемі ертегі бітпесе екен деп тілеп отырған көрермен қатары көп болды. Екінші жағынан фильмнің 12 жасқа толмаған балаларға тыйым салынғандығын түсінбедім. Меніңше, фильмді кез келген жастағы баламен, барлық отбасы мүшесімен барып көруге болады және таза қазақ тілінде тамашалай аласыз. Қазақша демекші, енді осы туралы бірер сөз айта кетелік. 

Аталған фильмді дубляждау жұмыстарын «Meloman» компаниясы жүргізді. Тіпті Мәскеудің Disney студиясынан фильмді дыбыстауға көмектесетін мамандар келген болатын. "Малефисента" фильмі «Болашақ» ассоциациясы мен MARWIN компаниясының қолдауымен, «Самұрық-Қазына» АҚ қаржылай қолдауымен қазақ тілінде дыбысталып отырған жетінші фильм екен. Бұған дейін дубляждалған «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші-адам», «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер» және «Жаңа өрмекші-адам: Кернеген қуат» секілді фильмдер ана тілімізде көрермен ықыласына бөленді. 

Голливудтың блокбастерін қазақша құйқылжытқан дубляждық топқа да айтар алғысымыз зор. Көрерменін қай тілде тамашалағанын білмей қалатындай етіп өзіне баурап алдыра білген «Малефисента» фильмінің кейіпкерлерін дыбыстаған актерлер: Гүлназ Әуесбаева (Малефисента), Гүлнар Құрманбекова (Аврора ханшайым), Азамат Қанапия (Стефан патша), Ғалым Оспанов (Филипп), Күнсұлу Шаяхметқызы (әңгімелеуші) т.б. Дубляж жұмысына аты аталғандардан басқа 20 актер қатысқан. «Малефисента» француз, неміс, испан, орыс және тағы басқа тілдерді қосқанда он тоғызыншы болып қазақ тіліне аударылып отыр.

Күнсұлу Шаяхметқызы қашанда жүрекке жылы тиетін даусымен фильмді әсерлі ете түскен, Стефан патшаны қазақшалаған Азамат Қанапияның да үні тамсандырды. Ал кейде қаһарлы, кейде мейірімді болып шыға келетін Малефисентаны Гүлназ Әуесбайқызының дауысы толықтай аша алмай қалған секілді. Әсіресе фильмнің басында үрейлі қаһарманның нәзік дауыспен айқай салғанында күлген, күбір-сыбыр еткен көрермендер көп болды. Бізге танымал ертегілерде басты назарда болатын ханзаданың (Филипп) образы ашылмай қалған. Бұл бір. Екіншіден, Брентон Туэйтс жасынан үлкен болып көрінсе, үшіншіден, оны дыбыстаған Ғалым Оспанның дауысы жуандығымен сәйкес келмей жатты. Тіл маманы болғандықтан, қазақша мәтіндердерден бірер қателіктер тауып жаттық. Дегенмен, мұхиттың арғы жағындағы әріптестерінің бүкіл бітім-болмысын қазақша сайратқан ұжымдық топ жарады.

Кинотеатр табалдырығын аттап жатсаңыз, ең алғашқы сценарийі 2009 жылдан бастап жазылып, үш бірдей режиссердің қолынан өткен, бюджеті 200 000 000 АҚШ долларын құраған «Малефисентаға» өз бағаңызды берерсіз...

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: online-familyguy.com, www.spletnik.ru, kinomagik.ru