Анджелина Джоли қызымен бірге фильмге түсті

Анджелина Джоли қызымен бірге фильмге түсті

Таңғажайып сиқырмен айналысатын кішкене Малефисента ертегі кейіпкерлерімен бірге орманда бейбіт өмір сүріп жатқан еді, көп ұзамай барлығы да өзгерді. Өмірлеріне қара күш иелері кіріп, Малефисента барлығынан қорғануға мәжбүр болды. Тек өзін емес, өзгелерді де қорғауы керек. Басты кейіпкер қорғанамын деп жүріп патшаның жаңа туған сәбиі Аврораны дуалап алады. Артынша бұл әрекеті үшін қатты өкінеді... 

Дәл осындай таңғажайып оқиғаларға құрылған бұл фильм 2014 жылы АҚШ-да түсірілген. Режиссері Роберт Стромберг. Сценариін жазғандар Линда Вулвертон, Джон Ли Хэнкок, Джорий Ринальди. Продюсерлері Сара Брэдшоу, Дон Хан, Анджелина Джоли. Операторы Дин Семлер. Композитор Джеймс Ньютон Ховард. Суретшілері Дилан Коул, Гари Фриман, Дэвид Оллдей. Монтаж жасағандар Крис Лебензон, Ричард Пирсон.

Бірнеше жыл түсірілген таңғажайып туынды фэнтези, боевик, триллер, драма, мелодрама, детектив, отбасы, таңғажайып оқиғалар сынды жанрлардың басын біріктірген. Бюджеті 200 000 000 АҚШ долларын құрайды. Алғаш рет 2014 жылдың 28 мамырында көрсетілетін болады. 

Басты рөлдерде: Анджелина Джоли, Эль Фаннинг, Джуно Темпл, Брентон Туэйтес, Элла Пернелл, Ханна Нью, Шарлто Копли, Питер Капальди, Миранда Ричардсон, Имелда Стонтон.

Елімізде «Meloman» компаниясы аталған фильмді дубляждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Фильмнің алғашқы жартысы аудару үшін жіберілген. Артынша өңделетін болады. Мұнымен қатар алдымыздағы аптада Мәскеудің Disney студиясынан фильмді дыбыстауға көмектесетін мамандар келеді. "Малефисента" фильмі «Болашақ» ассоциациясы мен MARWIN компаниясының қолдауымен, «Самұрық-Қазына» АҚ қаржылай қолдауымен қазақ тілінде дыбысталып отырған жетінші фильм. Дыбыстау Cinema Tone Production студиясында өтеді. Алдағы уақытта фильмнің дыбысталып, өңделуі туралы толық ақпарат беретін боламыз. 

Студия әлемдік стандарттарды қадағалайтын Лондонның мықты мамандарының тексеруінен өткен.

Фильм туралы 12 дерек:

1. Бұл фильмге Патрик Стюарт та түсуі мүмкін еді.

2. Кезінде Сэм Райли ойнайтын рөлге Логан Маршалл-Грин, Джордж Благден, Гаэль Гарсия Берналь және Джим Стерд ұсынылған екен. Нәтижесінде рөл Сэм Райлиге бұйырды.

3. Анджелина Джолидің режиссерлік туындысы «В краю крови и меда» (2011) фильмін түсірген Дин Семлер «Малефисента» фильмінің операторы болып тағайындалды.

4. Ең басында режиссер Тим Бертон болатын болып шешілген. 2009 жылдың 12 мамырында Брэд Берд Анджелина Джоли басты рөлді ойнайтын «Малефисента» атты жоба жасайтындығы туралы ақпарат тарайды. Оқиға «Ұйқыдағы ару» мультфильміндегі бас кейіпкер Малефисентаның атынан баяндалатындай жоспарланады. Ал 2010 жылдың қаңтар айында осы жобаға Тим Бертон қолдау көрсетіп, режиссерлік қызмет атқарады деген ақпарат тарады. Артынша 2011 жылдың мамыр айында Бертон жобадан бас тартқан. Disney студиясы оның орнын Дэвид Йетспен алмастырды. 2012 жылдың 6 қаңтарында Disney студиясы жоба режиссері Роберт Стромберг болатындығын ресми түрде хабарлады.

5. Анджелина Джоли түсірілім барысындағы түрінің расымен де адам шошырлықтай екендігін мойындап, сол жерде жүрген балаларды қорқытқан. Бір бала тіпті анасынан «Апа, мына жалмауыз кемпірге менімен сөйлеспесін деп айтшы» деп өтініш білдірген екен. Джолидің қорқынышты түрінен жалғыз ғана өзінің қызы Вивьен Джоли-Питт қорықпаған екен.

6. Бастапқыда Стефан патшаның рөліне Джуд Лоу ұсынылған екен.

7. Бұл Анджелина Джоли, Имелда Стонтон, Шарлто Копли, Брентон Туэйтес, Джуно Темпл сынды актерлер мен Пол Дини, Миранда Ричардсон және Эль Фаннинг секілді сценарий жазушылар үшін ең алғашқы диснейлік көркем туынды болып отыр. Бұрын-соңды бұндай жанрдағы фильмдермен жұмыс істеп көрмегендерін айтуда.

8. Анджелина Джоли бала күнінен бастап Disney студиясының мультфильмдерін көріп өскендігін, әсіресе «Ұйқыдағы ару» (1959) мультфильмін жақсы көретіндігін айтқан. Мұнымен қатар Малефисентаның өте қорқынышты кейіпкер екендігін және оған бұл қасиетіне қарамастан қызыға қарайтындығын мойындаған.

9. Анджелина Джоли мен Брэд Питтің қыздары Вивьен Джоли-Питт осы фильмде Аврора есімді ханшайымның рөлін сомдады.

10. Фильм Роберт Стромбергтің алғашқы режиссерлік туындысы.

11. Анджелина Джоли Малефисентаның киімдері мен визажін жөндеуге өзі араласқан. Disney студиясының өзінің сұлулығын пайдаланғысы келгендігіне қарамастан, «Ұйқыдағы ару» мультфильміндегідей қорқынышты болып қалуын талап еткен.

12. Феяның рөлін Эмма Томпсон мен Джуди Денч ойнауы мүмкін еді. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: kinopoisk.ru

Қ. Бүйенбай