"Гауһартас" - қазақ киносының алтын тірегі

"Гауһартас" - қазақ киносының алтын тірегі

Қазақ кино өнерінің алтын тірегі «Гауһартас» фильмі 1975 жылы жарыққа шықты. Бүкілодақтық тұсау кесері 1977 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында өтті.

«Гауһартас» киносы танымалдылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Жазушы-драматург Дулат Исабеков сценарийі бойынша түсірілген фильм бірден көрермендердің жүрегін жаулап алды. Тамаша туынды қазақ жерінде ғана емес, өзге мемлекеттердің экрандарынан көрсетілді.

Қарапайым шаруа шаңырағына бойжеткен Салтанат келін болып түседі. Шаруаның үлкен ұлы, белді шопан Тастанның жары атанған Салтанат жүрегі мейірімге толы жан. «Келіні жақсы үйдің керегесі - алтын» дегендей, Салтанат келін болғалы бері, бұл шаңыраққа мейірім мен жылулық сәулесі төгілді. Салтанаттың жібек мінезіне ата-енесі де дән риза. Қайыркен де жеңгесіне еркелеп, онымен жақсы дос болады. Тек мінезі ауыр Тастан ғана Салтанатқа қатаң қарайды. Ер-азаматының мейіріміне бөлене алмаған Салтанат ауыр дертке шалдығады.


Режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» киносында Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Кененбай Қожабеков т.с.с. қазақ өнерінің хас шеберлері бой көрсетеді. Сондай-ақ, Досхан Жолжақсынов, Жанна Қуанышева, Сапарғали Жәкішев сияқты сол кездегі жас актерлер түсті.

«Гауһартас» және «Салтанаттың әні» атты әндерді әнші Сажида Ахметова орындаған. Әнші есімі фильм титрлерінде жазылмаса да, оның кербез дауысы көрермен қауымның құлағынан кетпей, әсерлі кино туындыны әрлендіріп жіберді.

Басты кейіпкер Салтанат келіннің бейнесін сомдаған Жанна Қуанышева нағыз қазақ келінінің бейнесін көрсете білді. Жаны сұлулық пен нәзіктік атаулысына құштар көнбіс мінезділігінің арқасында ол талай көрерменнің жүрегіне жол тартты. Ал оның жары Тастан рөлін сомдаған Әнуар Боранбаев салқын мінезді нағыз ер-азаматтың бейнесін көрсете алды.

Шәріп Бейсембаев Салтанат келіннің бейнесін сомдайтын актриса іздеу мақсатында үлкен кинобайқау ұйымдастырады. Іріктеуге бағын сынау мақсатымен оныншы сынып оқушысы Жанна Қуанышева келеді. Сол шақта жас актриса Болат Мансұровтың «Махаббат туралы өсиет» фильміне түсіп үлгерген. Кинобайқаудан өткен ол бірден басты рөлге бекітіледі. Алайда, Жанна Қуанышева басты бұл рөлге келіспеген. Себебі, мектеп бітіру сынақтарын тапсырып, жоғары оқу орнына түсу емтиханына дайындалу керек болатын. Бірақ, балғын қызға фильм режиссерлерінің ассистенттері қайта-қайта хабарласып, өтініш айтады. Өтінішті табан астына қалдырмаған Жанна Қуанышева қазақ келінінің бейнсін тамаша сомдап береді.


Сондай-ақ, режиссер басты кейіпкер Тастан бейнесін алып шығатын нар тұлғалы, өрелі мінезді актерді ұзақ іздеп, біраз қиналады. Іріктеуге келген актерлердің ешбірі режиссер көңілінен шықпаған. Күндердің күнінде түсіру алаңына Әнуар Боранбаев келеді. Осы кезде іздегенін тапқандай болған Шәріп Бейсембаев бірден Әнуар Боранбаевқа киноға түсу туралы ұсынысын айтып, басты рөлге бекітеді.


Салтанаттың «Ерке бала» деп еркелететін қайын інісі Қайыркеннің бейнесін сомдаған актер Сапарғали Жәкішев «Гауһартас» киносынан кейін бірнеше кинолардан бой көрсеткенімен, кино әлемінде ұзаққа тұрақтанбаған.

Өкінішке орай, бұл күнде фильм режиссері Шәріп Бейсембаев, Кәукен Кенжетаев, Кененбай Қожабеков, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев сынды қазақ киносының майталмандары дүниеден озды. Қайыркен рөлін ойнаған актер Сапарғали Жәкішев туралы толық ақпарат табу оңайға соқпайды. Себебі, актер туралы ешбір деректер жоқ. Нағыз жұлдызы жарқыраған шағында ол қызметін басқа салаға ауыстырған. Ал Жанна Қуанышева, Досхан Жолжақсынов сынды хас шеберлердің ізін жалғастырушы актерлер бұл күнде кино және театр әлемінде үздіксіз еңбек етуде.

«Гауһартас» киносы қазіргі таңда қайта жаңғырды. Киносүйер қауым тамаша туындыны телеарналардан ғана емес, енді DVD және бейнетаспа арқылы көре алады.

Суреттер: kazakhfilmstudios.kz, gervic.ru

Ғ. Ұзақ