Кедейлік неге үш ағайынды?

Кедейлік неге үш ағайынды?
Фото: yandex.kz

Қазақ халқы «кедейлік үш ағайынды» деп ұрпағын үш рухани дерттен, кеселден сақтандырған екен. Одан қашық жүруге шақырған. Адам баласында осы кеселдің, жоқ дегенде, біреуі болса да, кедейліктен арыла алмайтынын алға тартқан.

Этнограф Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ағайынды үш кесел жайлы: «Бұрыңғылар «Кедейлік үш ағайынды болады» деген. Үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы. Бұл үшеуі – бірі желкеңнен тартып, бірі құйрығыңды жерге жабыстырып, бірі қисайта құлатып, жібермей жатқан соң, қолың қайда жетсін? Өзіңнен өзің көтіңнен кейін қарай кетіп қор боласың», –  дейді. Қысқа да нұсқа қайырған өсиеттің астында не жатыр, соған үңіліп көрсек қалай болар екен?..

Кежірлік – кесапат

Кежірлік дегеніміз – біреудің тілін алмайтын, өзінің айтқанынан қайтпайтын тілазар, ақылға келмейтін қырсық адам. Кезінде Абылайханға келген диуана кемпір «қарғыстың ең үлкені түрі – «өзің білме және білгеннің тілін алма» деген қарғыс» деп айтқан екен. Өзің білмеген соң әрі білгеннің тілін алмаған соң, одан әрі кері кетіп, рухани азатыны, содан кедейлікке душар болатыны айдан анық.

Халқымыз кежір деп қыңыр, қырсық, менменшіл, тоңмойын, мойны айтқанға жар бермейтін бірбеткей адамды айтады. Қыңырлық – тәкаппарлыққа бастайтын тура жол. Ал тәкаппар адам – ешкімді де тыңдамай, өзін ғана дұрыс санайтын адам. Күнделікті өмірде «қырсық шалғыр», «ай қырсық-ай» деп айтып қалатын кезіміз болады. Бұдан біз кезінде жасаған қырсықтығымыз кері қайтып өзімізге қиындық, кедергі, зиян тигізуші жағдай боп оралатынын байқаймыз. Сондықтан қырсығың қиындық боп қайтып оралмас үшін қыңыр-қисықтықтан қашық болған жөн.

Еріншектің деген не?

Еріншектің не екенін «Еріншектің ертеңі бітпейді» деген мәтелден-ақ аңғаруға болады. Яғни, ештеңе істегісі келмей, шаруаны кейінге ысырып тастай беретін, аяқ-қолы сау бола тұра, жұмыстан қашатын жалқаулықты еріншектік дейміз.

Абай атамыз «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деп еріншіктік деген кеселдің тамырын дөп басып айтып кеткен. Дүниедегі жаманшылықтың басы – еріншектікте екендігін айтады. «Адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық» дейді тағы да Абай.

Еріншек адамның ештеңеге ұмтылмасы, қарекет қылмасы анық. Іс істегеннің өзінде, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, тындырымды шаруаның бір шетін шығара алмай, берекесін қашыратыны рас. Құлықсыз істеген істе не қайыр бар. Ал қайыры жоқ істе табыс та, нәтиже де болуы екіталай. Содан кедейлік, қайыршылық деген басталады. Егер шынайы табыс пен берекеге жеткіңіз келсе, қолға алған іске болаттай кірісіп, ниетіңізге бекем болыңыз.

Ұйқының кедейлікке қатысы қанша?

Халқымыз «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дейді. Ұйқы мен еріншектік, жалқаулық – ұқсас ұғымдар. Еріншек ұйқышыл келеді. Күнін ұйқымен өткізіп, бәрінен құр қалады. Ал өзін сергек ұстағысы келген адам күнін ерте тұрудан бастайды.

Күн шыққан сәтте адамзатқа ырзық-несібе таратылады деген тәмсіл бар. Ол кезде ұйықтап жатқан адам несібеден құр қалады да, кешке дейін істеген ісінен нәтиже шықпай, өзімен-өзі титықтап бітеді. Ал істен нәтиже болмаған соң, табыс қайдан болсын? Кедейліктің, қарыз бен берешектің кесірі осыдан басталады.

Не істемек керек?

Сонымен, өміріңізді кедейлікпен өткізгіңіз келмесе, онда бабамыз айтып кеткен жоғарыдағы үш кесірден іргемізді алыс ұстайық.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Тіл алғыщ, елгезек болып үйрен – кежірліктен құтыласың. Тіпті, дәнеме қылмасаң да жаяу аяңдап, олай-бұлай жүріп үйрен – жалқаулықтан құтыласың. Дүние ақыреттің бірі болмаса, бірінің уайымын ойлап «қалай қыламын, қайтып есебін табамын?» деп ойға түс – ұйқышылдықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, қолың әр нәрсеге жетеді» деп өсиет етеді. Мұндағы шарт – үш кесірден де бас тарту, ада болу. Бірі бойымда жоқ екен деп жүре беруге тағы болмайды. Қалған кесірден де аулақ болуға, онымен күресуге тырысқан абзал.

Қ. Слямбек