- Негізгі бет
- Әдеп
- Әсер алғандағы «адамның...
Әсер алғандағы «адамның кейбір кездері»
Эмоция ішкі психикалық күй болғанымен, мимика, жест арқылы сыртқа да көрініс береді. Әлемде неше адам болса, сонша түрлі ой бар дейміз, ал эмоция саны одан да бірнеше есе көп. Адамдар театрға, кинотеатрға, көрмелерге, кітап тұсаукесеріне бірге барған соң, әдетте, қызу талқылайды. Пікірлеріне құлақ ассаңыз, әрқайсысы мүлде әртүрлі әсер алған, құдды әр біреуі бөлек-бөлек туынды тамашалағандай.
1. Кез келген нәрсеге таңғалады. Қандай туынды тамашаласа да, бұрын-соңды көрмегендей таңырқап, аузының суы құрып мақтап келеді. Ол үшін бәрі ғажап. Келесіде қайта көрсетілгенде сіз барсаңыз, оның дәріптегеніндей ештеңе көре алмайсыз. Көп күтіп, аз аласыз.
2. Кинодан не кез келген өнер туындысынан тек эстетикалық ләззат алады. Оның мән-мағынасына, айтар ойына, идеясына аса назар аудармайды. Мұндай адамдар миды тынықтырып, ойда тазарту үшін осындай әсер алудан артық ештеңе жоқ деп есептейді.
3. Көргенін көңілге түюге, ойын қорытып айтуға ерінеді. Олар да алдыңғы типке ұқсас болып келеді. Бір қарағанда еш пайда алмай, уақытты босқа өткізіп келгендей болады, дегенмен көргені бәрібір көңіл түкпірінде еріксіз сақталып қалады.
4. Көргені көп, түйгені мол адамдар әр тамашалаған жаңа туындысын алдыңғы білгендерімен салыстырып, артық-кемін саралап, өміріне қажетті тұстарын да түйіп жүреді.
5. Енді бір адамдар кез келген туындыға мүлде өзге қырынан қарап, астарынан мән іздеп, тәрбиелік мағынасын талқылайды. Оған әртістер қалай ойнауы, құрылуы, туындыдағы шығармашылық қателіктер аса маңызды емес. Айтар ойы терең болып, өзіне жаңа идея ала алса болғаны.
6. Кішкене кезінен кішкене детальдарға көңіл бөліп өскен балалар байқағыштық қасиетін қай кезде де жоғалтпайды. Өнер туындыларын тамашалағанда да мына кадрдегі нәрсе келесі кадрде өзгеріске түссе, ол бірден аңғарып қалады. Әр туындының олқылығын назардан тыс қалдырмайды. Бір фильмді бірге көріп шыққаннан кейін кейіпкердің киімінің түсі де есіңізде қалмауы мүмкін, ол туфлиінің түр-түсіне дейін толық сипаттап бере алады.
Ал кейде адам өзінің көңіл-күйі нашар кезде барған ең жақсы қойылымға да төмен баға беруі мүмкін. Барлығы ішкі жай-күйіне байланысты. Сіз қай типке жатасыз?
@. @assel_assanova