Ресейге танымал 10 қазақ

Ресейге танымал 10 қазақ
Фото: swyper.ru

Қазір қазақтарды мақтау трендке айналған сынды. Әсіресе, ТМД аумағында қазақтардың абырой-беделі күн санап өсіп барады. Бірі Ресейге танымал болу мен өнерін шыңдау үшін аттанған болса, енді бірі әлемге аты танылып, кейін көрші елде абыройы асқақтады.

Ендеше Ресейде аты шығып, қазақ халқының жағымды имиджін қалыптастырған танымал 10 қазақты назарыңызға ұсынып отырмыз.

Скриптонит

Кереку өңірінен шыққан танымал рэпер Әділ Жәлелов Ресейді бағындыруға осыдан 7 жыл бұрын аттанған. Gazgolder лейблінде 5 жыл жұмыс істеп, бүкіл ТМД-ға аты танылды. Орыс рэпінде жоқ соқпақ пен стиль әкелді. Ресейге қазақстандық рэп стилін әкелген Скриптонит өзін "орыс рэпінің емес, қазақ рэпінің өкілі" деп айтқанды, танытқанды жақсы көреді.

Қазір қазақстандық жас әртістердің басын қосып, жеке Music36 атты продюсерлік орталығын құрып, қазақстандық рэптің іргетасын қалап жатыр.

Нұрлан Сабыров

Қазақстанның Сәтбаев қаласында дүниеге келген Нұрлан Сабыров көрші елге мектеп бітірген соң аттанған. Екатеринбургте оқып жүріп КВН-мен айналысқан. Кейін standup жанрымен "Открытый микрофон" жобасына қатысып, аты шығады.

Екі жылдың ішінде-ақ Нұрлан Ресейдің ең танымал әрі бай әзілкешінің біріне айналды. ТНТ телеарнасында StandUp  жобасында жұмыс істейді. YouTubе-та жасаған "Что было дальше?" шоуы қазір атақты, тренд туғызатын бағдарламаға айналды.

Бір өнер көрсеткеніне $10,000 алады деседі.

Азамат Мұсағалиев

Ресейде танымал қазақтың қос комигі бар: бірі – Нұрлан, екіншісі – Азамат. Азаматтың Нұрланнан айырмасы сол – ол Ресейдің қазағы. Астрахань облысының шағын ғана Қамысты елдімекенінде дүниеге келген Мұсағалиев қазір бүкіл ТМД-ға танымал.

Өнерін КВН-нен бастаған ол ТНТ телеарнасында "Однажды в России" атты скетч-шоуын ұйымдастырды. Қазір киноға, телеарна мен YouTube-тегі жобаларға түсіп жүр.

Димаш Құдайберген

Димаш айналдырған бір жылдың ішінде-ақ Ресейде бағы жанды. Қытайда, кейін Азияда аты шыққан Димаштың ТМД жұртын аузына қаратуы қиын болмады.

Опера вокал мен k-pop стиль өз дегенін істеді. Ресейде аты шыққан әндердің өзіндік ковер нұсқасын жасап, ел сүйіспеншілігіне бөленді.

Байғали Серкебаев

Байғали Серкебаевты қазіргі жастар тани қоймас. Бірақ А’Студио тобын білетіндер, қазақстандық әртісті бірден таниды. Батырхан Шөкеновпен (2015 жылы қайтыс болды) бірге Ресей сахнасын жарып шыққан жұлдыз қазір екі елдің де беделді, өнер қайраткері болып отыр.

Димашты Новая волнада А’Студио тобының әнін орындауға дайындап, бірге сахнаға сүйемелдеуге шыққан еді.

Назима

Шымкент қаласының тумасы Назима 2018 жылы ТНТ телеарнасындағы "Песни" жобасына қатысып танымал болды.

Қазір Black Star Inc лейблінің әртісі.

Jah Khalib

Бақтияр Мамедов қазақ және әзірбайжан халқының өкілі. "Мен Қазақстанда өстім, қазақ халқының тәрбиесін көрген жанмын. Ал Баку мен үшін өз үйім" дейді Jah Khalib.

Қазір Алматы қаласында тұрады. Ресейге жиі барып тұрады.

Тимур Бекмамбетов

Қазақстан мен Ресейге бірдей режиссер болған Тимур Бекмамбетов қазір Мәскеу мен Лос-Анджелесте тұрып еңбек етіп жатыр. Бірақ отанын ұмытқан емес. Жыл сайын Елордаға ұшып келіп, "Astana" халықаралық экшн-фильмдер фестиваліне қатысады.

Наталия Орынбасарова

Қазақ пен поляк қаны араласқан Наталия Орынбасарова жастайынан сұлу, көркем еді. Мұны режиссер Андрей Кончаловский байқап, киноға шақырады.

1965 жылы "Первый учитель" дебюттік фильміне түсіп, танымал тұлғаға айналды. Андрей Кончаловскиймен отау құрады. Қазір ұлы Егор Кончаловский ата-анасының жолын жалғастырып жүр.

Арман Давлетьяров

"Муз-ТВ" каналының бұрынғы директоры, "Русская медиагруппа" медиахолдингінің басшысы Арман Давлетьяров қазақ тегін ешқашан ұмытқан емес.

Ресейдегі қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жан. Жыл сайын екі елдің жұлдыздарының басын қосып, концерт ұйымдастырады.

Қ. Слямбек