Олжас Сүлейменов жаңа қызметке тағайындалды

Олжас Сүлейменов жаңа қызметке тағайындалды
Фото: ult.kz

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов жаңа қызметке тағайындалды. 

"Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жаңа басшысы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы ұжымға жаңа басшы Олжас Омарұлы Сүлейменовты таныстырды.

"Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейі 2016 жылы құрылған. Мекеменің негізгі қызметі музей құндылықтары мен тарихи-мәдени мұраны анықтау, жинақтау, толықтыру, сақтау, зерделеу және насихаттау, сондай-ақ ұлттық мұраны, оның ішінде Қазақстан Республикасының мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану саласында жаңа білімді алу мен қолдануға бағытталған ғылыми-ағартушылық қызметті және қолданбалы, жобалық, ізденістік және ғылыми зерттеулерді жүргізу болып табылады. Осы уақытқа дейін аталмыш мекемені арxеолог-ғалым Карл Молдаxметұлы Байпаков басқарған болатын. 

Айта кетсек, қазақ ақыны, тілтанушы, саясаткер, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы – Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылы өмірге келген. "Арғымақтар", "Қыш кітап", "Атамекен" және 1975 жылы жарық көрген түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштеріне арналған атақты "Аз и Я" кітабының авторы.

Т. Раушанұлы