- Негізгі бет
- Мәдениет
- Мәскеуде Шыңғыс Айтматовқа...
Мәскеуде Шыңғыс Айтматовқа арнап мүсін орнатылды
Мәскеуде бұрынғы КСРО және Қырғызстанның атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовқа арнап мүсін орнатылды. Мүсін жазушының 90 жылдығына (туған күні 12 желтоқсан) арнайы жасалған. Салтанатты шараға Мәскеу мэрі Сергей Собянин, РФ мәдениет министрі Владимир Мединский, Михаил Швыдкой және Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков тағы басқа зиялы қауымдар мен мемлекет қызметкерлері қатысты.
Аталған ескерткішті салуға Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі қаржы бөлген. Мүсін Павловской мен Подольский даңғылының қиылысында орналасқан "Шыңғыс Айтматов" саябағында орнатылды.
"Бүгін – ерекше күн. Жазушы Шыңғыс Айтматовқа арнап ғажап өнер туындысы жасалды. Баршаңызды атаулы күнмен құттықтаймын және осы мүсінді орнатуға атсалысқан барлық азаматтарға, Қырғызстан президентіне өз атымнан алғысымды білдіремін. Біз және КСРО оқырмандары жазушының шығармаларымен сусындап өстік", – деді Мәскеу мэрі.
Сондай-ақ, Ресей мәдениет министрі Айтматовтың қырғыз және орыс әдебиетінің классикасы екенін атап өтті. "Айтматов – ең ұлы данагөй, реализм аясында шығарма жазудың шебері. ХХ ғасырда мистикалық әдебиет, халық мәдениетін терең білу, әлемдік этнос пен аңыздарды білуде оған тең келетін жазушы болған жоқ", – деді.
Айта кетейік, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов Қырғызстанның халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері. Жазушының қазақ тілінде "Аспалы көпір", "Жәмила", "Алғашқы ұстаз", "Қош бол, Гүлсары", "Ертегіден соң", "Ерте қайтқан тырналар" тағы басқа әңгіме, повесть жинақтары, "Жанпида", "Боранды бекет" романдары жарық көрген.
Т. Раушанұлы