Физика саласы бойынша "Нобель" жеңімпаздары белгілі болды

Физика саласы бойынша "Нобель" жеңімпаздары белгілі болды
Фото: tacc.ru

2018 жылғы физика саласындағы "Нобель" сыйлығы "лазерлік физика саласындағы революциялық жаңалықтары үшін" Артур Эшкин (АҚШ), Жерар Муру (Франция) және Донна Стриклэндке (Канада) бұйырды. Бұл туралы сейсенбі күні Швеция Корольдігі ғылым академиясының физика бойынша Нобель комитеті мәлімдеді. 

"Артур Эшкин лазер сәулелері "саусақтарымен" бөлшектерді, атомдарды, вирустарды және басқа да жасушаларды ұстап алуға болатын оптикалық құрылғы ойлап тапты. Бұл ашылым Эшкинге ғылыми фантастикадағы арман болып есептелетін – физикалық объектілерді жылжыту үшін жарықтың сәуле қысымын қолдануға мүмкіндік берді", – деп түсіндіреді комитет.

Мур мен Стриклэнд "өте жоғары қарқынды оптикалық импульстарды генерациялау әдісі" өнертабысы үшін марапатталды. Бұл технология жіңішке импульсты күшейту ретінде белгілі. 

Артур Эшкин 1922 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. Ол оптикалық тұзақтарды жасау саласының негізін қалаушы болып, оның дамуы атомдар, молекулалар мен биологиялық жасушаларды бақылауға әкелді. Ғалым сонымен бірге фоторефракция, екінші гармоникалық генерация және талшықтардағы сызықты емес оптика саласындағы зерттеулерімен де танымал. 1978 жылы Эшкин оптикалық пинцет ойлап тапты. 1992 жылы 40 жылдық мансабынан кейін зейнетке шыққан. 

Жерар Муру 1944 жылы Францияның Альбервиль қаласында туған. Қазір Ұлттық технологиялар жоғары мектебінде қолданбалы Оптика зертханасының директоры қызметін атқарады. 2008 жылдан бастап Ресей ғылым академиясының шетелдік мүшесі. 

Донна Стриклэнд 1959 жылы Канададағы Гуэлф қаласында дүниеге келген. Онтариодағы Ватерлоо университетінің доценті. 1985 жылы ғылыми жетекшісі Жерар Мурумен бірігіп күшті лазерлік серпін алудың жаңа техникасын ұсынған.

Ал былтырғы Нобельдің физика саласындағы сыйлығын Райнер Вайсс, Кип Торн және Барри Бэриш иеленген еді.

Т. Раушанұлы