Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасына жаңа төраға бекітілді

Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасына жаңа төраға бекітілді
Фото: Abai.kz

Алматыда Қазақстан Жазушыларының кезекті ХV құрылтайы өтіп, одақ басқармасының жаңа құрамы бекітілді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жаңа төрағасы болып ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бекітілді.

Әнұранмен басталған құрылтай осыған дейінгі екі құрылтай арасында қаза болған 131 ақын-жазушыларды еске алумен жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин осыған дейінгі атқарылған жұмыстардың артықшылары мен кемшіліктеріне тоқталып өтті. Құрылтайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз алып, ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың XV құрылтайдың ашылуымен құттықтаған, табыс тілеген хатын оқып берді.

Сонымен, төрағалыққа ақын-жазушылардың басым көпшілігінің қолдауымен көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет сайланды. Ал, Одақ төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ақберен Елгезек тағайындалса, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып та Одақ Төрағасы орынбасарлары болып сайланды.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет – ақын, журналист. 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. «Қанат қақты» (1974), «Жұлдызжарығы» (1977), «Аптайдың алтынтамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Алтай асулары» (1988), «Заман-ай» (1999), «Киіз кітап» (2001) кітаптарының; «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының (2003); қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағының (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбілхаят» (2009) авторы. Ақынның шығармалары шет телдеріне аударылған. Үнді, түрік, фин, африка, алжир, украин, әзірбайжан, қырғыз, абхаз, монғол, саха-якут және басқа халықтардың ақындарының өлеңдерін; сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Н.Рубцовтың және т.б. бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Құрмет» орденімен (2001); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. Халықаралық «Алаш» (2000), ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының (2003) лауреаты. 

Т. Раушанұлы