12 жастағы вундеркинд ұсынған әліпбидің ерекшелігі қандай?

12 жастағы вундеркинд ұсынған әліпбидің ерекшелігі қандай?
Фото: sputniknews.kz

Мырзаш Абзал Дәуренбекұлы – Қазақстандағы ең ақылды бала. Оның қатары қазір 6-сыныпта оқып жүрсе, Абзал Қазақ-Британ Техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті. Білім мен ғылымды игерген адам үшін кез келген кедергіден шығатын жол анық көрінеді. Өзінің асқан дарынымен үлкен белеске түскен Абзал, елімізде екі жақты пікірге бөлініп, толық бір қолдау таба алмай жатқан «латын әліпбиіне» байланысты ойын ғана білдіріп қоймай, Елбасына өзінің жасаған әліпби нұсқасын да ұсынып үлгерген. 

«Массагет» сайты Абзалдың әкесі Дәуренбек мырзаға хабарласып, бірнеше сұрақтарға жауап алған болатын. Сіздерге болған сұқбатты ұсынып отырмыз. 

Массагет: Қайырлы күн, Дәуренбек мырза! Абзалдың жасаған әліпбиін көріп шықтық. Сізге бірнеше сұрағымыз бар еді. Ұлыңыз неге «һ» әрпін алып отыр? 

Дәуренбек Нысанов: Қайырлы күн! Рақмет! Абзал бұл әліпбиді аспаннан алып жасаған жоқ. Ол қазақ тілінің барлық ережелеріне бағына отырып, өзінің нұсқасын жасап шықты. Ал бұл жерде «һ» әрпін алып отыруындағы басты себеп, осыған дейін біздің ғалымдар ұсынған нұсқа халық арасында ашығын айту керек, ұнаған жоқ. Себебі оны күлкіге айналдырып жіберді. Мәселен «сәбіз» сөзі осының бір дәлелі. Ал «һ» әрпін қолдана отырып, аталған қателіктерге жол бермеуге болады және бұл ең дұрыс жолы. 

Абзал тіл маманы емес, бірақ бір нәрсе айта кетейін. Мектеп жасында жүрген кезде ұлымыз түрлі пәннен қалалық, облыстық, республикалық арысы халықаралық олимпиадаларға қатысты. Соның бірі ағылшын, орыс және қазақ тілінен өткен байқауларға да қатысып, жүлделі орыннан көрінді. Сыныптан сыныпқа ауысқан кезде барлық пәннен арнайы емтихан тапсырды. Сол кезде комиссия мүшелері ғана емес, біздің өзімізді таңғалдырған Абзалдың бұл ерекшелігін айта кету керек. Жиылып отырған комиссия мүшелері қазақ тілінен сұрақтарын жаудырып, ақыры ұлымызға «5» деген баға қойып, оған алғыстарын білдіріп жатты. Ал ұлымыз Абзал осы кезде комиссияға қарап: «сіздер менен есімше туралы сұрауды ұмытып кеттіңіздер?» деп тағы да таңғалдырды. Иә, баламыздың бұл қадамға баруына оның үш тілдің грамматикасын жетік меңгергені де себеп болды. 

Массагет: Керемет! "Болар баланың бетін қақпа, белін бу" деген қазақтың ұрпағы өркендей берсін! Келесі сұрағымыз, ұсынылған әліпбиге қарасақ Абзал 26 емес, 42 әріпті қалдыра отырып, негіздеп жасаған секілді. Неге? Біз 26 әріпті қолдап отырмыз. Оның үстіне «ъ» (жуан), «ь» (жіңішке) белгілері керек пе? 

Дәуренбек Нысанов: Иә, көріп отырғандарыңыздай Абзал 42 әріпті сақтап қалды. Себебі бұл әріптер сақталмаған жағдайда қазақ жазушыларының, тарихшыларының, ақындарының, ғалымдарының бұрын жазылған еңбектері жойылып кетуі мүмкін. Ондай болмаған күннің өзінде Қазақ-латын әліпбиіне көшіру мүмкін еместігін айтып отыр. Себебі бізде өзге тілден енген сөздер көп. Олар сол қалпын сақтап қалған және бұл басты қиындық тудырушы. Одан қала берді кирилицадан латынға аударма жасаған кезде әріптер толық болмаса, әріптердің жетіспеуінен аударма дұрыс жасалмауы мүмкін. 

Бұл мәселе ат үсті қарайтын нәрсе емес. Себебі біз өткенімізге де үңіліп отыруымыз керек. Егер осыны ескерсек, 42 әріпті бір әріп, бір дыбыс ретінде жасауға Латын әліпбиіндегі 26 әріп таңбалары жетпейді. Шама келсе, бір әріп, бір дыбыс болып қалған да жақсы еді. 

Бізде «съезд» сынды жуан белгі қолданылатын сөздер бар. Бұлар біздің өткен ғасырдағы еңбектерімізде, әдебиетімізде де бар. Сондықтан да мұны керек деп тауып отыр. Егер ғалымдар жолын тапса, екеуін алып тастауға да болады. 

Массагет: Абзал ұсынып отырған Қазақ-латын әліпбиінің Елбасы тапсырғандай, қазақ тілін технология тіліне жақындатуға, пернетақтаға әкелуге апаратындай қандай ерекшелігі бар? 

Дәуренбек Нысанов: Ұлымның айтуынша, қазіргі латын әліпбиін ұсынып отырған ғалымдардың қатарында кейінгі буынның жетіспеу секілді. Себебі онда жастардың, жас мамандардың жоқтығынан бұл әліпбилер талапқа сай орындалмай жатыр. 

Қазір жастар смартфонда, компьютерде отырады. Ол ендігі технологияның тілімен жазып, сызып жүр. Ал ғалымдардың компьютер тілін жетік меңгеруі екіталай. Бұл жерде тек жазу-сызу емес, ішкі алгоритм де сөз болып отыр. Абзалдың айтуынша, ол қазір Ақпараттық технология саласында оқитындықтан оған апострофпен әріптерді қабылдау және оны компьютер тіліне енгізу қиын. Ал екі әріптің бірге қосарланып жазылып, бір дыбыс беруі мәселе емес. Себебі онда бастысы латын әріптері қолданылса жеткілікті. 

Осы жерде ұлымның айтқан ойын қоса кетейін: «біздің ғалымдардың арасына білікті, компьютер тілін жетік меңгерген маман керек. Олар елбасы талап етіп отырған тапсырманы жасауға үлкен септігін тигізер еді. Қазіргі заман технологияның тілі, ал бұл тілді ең тез меңгеретіндер де сол заманның замандастары», дейді. 

Абзал түріктер қолданатын әліпбидің де нұсқасын қарап шықты және оны компьютерде теріп жазуы қиындық тудыратынын айтады. Себебі онда бірнеше әріптер жоқ. Сондықтан жаңасын жасауға тура келеді. Ал Абзал болса, барынша ағылшын тізбегіне сәйкес әліпби жасап шығуға тырысқан. 

Төменде 12 жасар вундергинд ұсынған әліпбидің үлгісі: 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны
Qazaqstan respubljkasynynh memlekettik ahnwrany

Sohzin zhazghandar: Zhwmeken Nahzhimedenov, Nwrswltan Nazarbaev
Ahnin zhazghan: Shahmshi Qaldayaqov

Altyn kuhn aspany,
Altyn dahn dalasy,
Erliktinh dastany,
Elime qarashy!
Ezhelden er degen,
Danhqymyz shyqty ghoj.
Namysyn bermegen,
Qazaghym myqty ghoj!

Qajyrmasy:
Meninh elim, meninh elim,
Guhlinh bolyp egilemin,
Zhyrynh bolyp tohgilemin, elim!
Tughan zherim meninh - Qazaqstanym!

Wrpaqqa zhol ashqan,
Kenh baitaq zherim bar.
Birligi zharasqan, 
Tahuelsiz elim bar.
Qarsy alghan uaqytty,
Mahnhgilik dosyndaj,
Bizdinh el baqytty,
Bizdinh el osyndaj!

Qajyrmasy:
Meninh elim, meninh elim,
Guhlinh bolyp egilemin,
Zhyrynh bolyp tohgilemin, elim!
Tughan zherim meninh - Qazaqstanym!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны
Qazaqstan respubljkasynynh memlekettik ahnwrany

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазғандар: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны, 
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Айта кету керек, Абзалдың әкесі facebook әлеуметтік желісінде осы нұсқаны жүктеген екен. Әлеуметтік желіде Абзалдың жасаған әліпбиін қолдаушылар саны күн санап артып келеді. "Керемет", "тамаша нұсқа екен", "осыны үкімет қабылдаса дұрыс болар еді" деп ниет білдіргендер өте көп. Абзалдың ұсынған Қазақ-латын әліпбиі өз жемісін беріп, елдің пайдасына жарайды деп сенеміз!

Сұқбаттасқан: Марғұлан Ақан

М. Ақан