Ләйлә Сұлтанқызы жаңа жобасы жайлы айтты

Ләйлә Сұлтанқызы жаңа жобасы жайлы айтты

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы "The Эфир" жобасының қазақ тіліндегі нұсқасын қолға алмақ. Тележүргізуші жаңа жобаның қыр-сырын ашып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"The Эфир" - бұл әр саладағы танымал тұлғаларды жаңа қырынан көрсету, жетістікке жетудің құпиясын анықтау. Түсірілім кезінде оларға бұрын-соңды ешкімнің батылы жетпеген сұрақтар қойылады.

Осыған байланысты Ләйлә Сұлтанқызы неліктен ғаламторды таңдағаны туралы және Қазнеттің артықшылығы неде деген сұрақтарға жауап берді.

"Неге интернет? Себебі соңғы кездері мен және балаларым көптеген сұрақтардың жауабын ғаламтордан таба аламыз. Теледидарды да қараймыз, бірақ көбіне керектің бәрін интернеттен аламыз. Ақпаратты жылдам табуға болатындығы, журналистиканың жаңа трендтерін жылдам енгізетіндігімен ұнайды және жалпы қолданыста ыңғайлы. Қазнеттің дамуына байланысты шынымды айтсам көңіл толатын да, кейде толмайтын да тұстары бар. Уақыт өте қазақшаланып келе жатыр, дегенімен, бізде әлі де YouTube-ті білмейтіндер бар және қазақша ақпарат таба алатындар аз", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Сонымен қатар, тележүргізуші сұраққа жауап бере отырып, уақыт өте интернет телевизияны артта қалдырып, одан басым болады деген ойда екенін айтты.

"The Эфир" бағдарламасына сан түрлі қонақтар шақырылады. Қазір қоғамда белсенді, жиі талқыға түсетін тұлғалар көп", - деді тележүргізуші.

"The Эфир" бағдарламасының қазақ тіліндегі алғашқы көрсетілімін 10 қарашада тамашалай аласыздар. Ләйлә Сұлтанқызының белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен болатын сұхбатын өткізіп алмау үшін Tengrinews.kz cайтының YouTube арнасына жазылуды ұмытпаңыздар.

Ө. Сансызбай