Черчилль шылымының қалдығы бәссаудада сатылды

Черчилль шылымының қалдығы бәссаудада сатылды
Фото: google.kz

Бостондағы RR Auction бәссауда үйінде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль шеккен шылым сатылды. 10 см шылым қалдығы $12,2 мыңға бағаланды.

RR Auctions саудасына қойылған кубалық La Corona маркалы сигараны британиялық саясаткер 1947 жылдың мамыр айында шеккен. Оның Францияның Ле-Бурже аэропортында орын алғанына белгілі. 10 сантиметрлік лоттың қызғылт алтын түсті қағазы да сақталған болып шықты. «Уинстон Черчилль Британияның ең үздік саясаткері ретінде тарихта қалды, ал, мырзаның үнемі сигарамен жүруі оның фирмалық белгісі іспетті», - деді RR Auctions бәссауда үйінің вице-президенті  Бобби Ливингстон.

Черчилльдің шылымының қалдығын британиялық ұшқыш Уильям Алан Тернер сақтап келген. Оның экипажы премьер мен оның жұбайын Парижге тасымалдайтын болған. Дәл сол кезде Уинстон Черчилль Францияның Medaille Militaire аталатын ең жоғары әскери марапатын алуға келген.

Сатылған лоттың қасында саясаткердің сол күнгі фотосуреті бар. Оның артына Алан Тернер мынадай жазба қалдырған: «Мен бұл суретті Авро Йорк ұшағының алдында 1947 жылы 11 мамырда Париждің Ле-Бурже аэропортында түсірдім. Нортхолтқа атталғалы тұрған Черчилль француз әскерімен әңгімелесіп болған соң шылымды өшіріп, бортқа көтеріліп кетті. Ал, мен оны сақтап қойдым».

Лотты сатып алған адам есімі құпия сақталады. Оның тек америкалық Палм-Бичте тұратын коллекционер екені ғана белгілі.

А. Оралқызы