Қастеев атындағы өнер мұражайы қорына Энди Уорхоллдың туындысы қосылды

Қастеев атындағы өнер мұражайы қорына Энди Уорхоллдың туындысы қосылды
Фото: vk.com

Өзіңіз білетіндей, Уорхолды өнер сүйер қауым Мэрилин Монро портреті арқылы жақсы таниды. Бірақ, Голливуд жұлдызы атақты суретшінің жалғыз музасы болмады. Уорхол бірнеше картинасын АҚШ-тың ең сәнқой бірінші ханымы, қастандықпен өлтірілген Джон Кеннедидің жұбайы Жаклин Кеннедиге де арнаған. Ол мұндай портреттер сериясына 1964 жылы ақпан айында кірісіп, жалпы саны 50 шақты картина салған. Сол суреттердің бірі өнер туындыларын жинаушы Нұрлан Смағұловтың топтамасында болған.

Кәсіпкер сыйды Астана Моторс компаниясының 25 жылдық мерейтойына орай беріп отыр. Тағы бір айта кететін маңызды жаңалық: алдағы бір ай бойы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайына кіру тегін.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақыттарда Энди Уорхол туындылары ең көп сатылған суретшілер тізімін бастап тұр. Мысалы, 2013 жылы оның бәссаудада сатылған туындыларының жалпы құны 427,1 миллион долларды құрады. Олардың ішіндегі ең бағалысы 1962-1964 жылдар аралығында салынған үлкен форматты картиналар. Олардың әрқайсысының бағасы 100 миллион долларға дейін барады. 2013 жылдың қараша айында «Күміс қақтығыс» (1963) картинасы 105,4 миллион долларға сатылып, рекорд жаңартты.

А. Оралқызы