Coachella деген не?

Coachella деген не?
Фото: vk.com

Қазір “жұлдыздар” жақындап кетті. Олардың өмірі бұрынғыдай құпия емес. Қайсысы қайда, не істеп жүргенін әлеуметтік желілер арқылы біліп отырамыз. Отандық өнер адамдарын былай қойғанның өзінде, Америка мен Батыстық жұлдыздары да қолжетімді болды.

Бүгінгідей демалыс күнінде Instagram әлеуметтік желісіне кірген адам барша америкалық жұлдыздардың Coachella шарасында жүргенін байқаған шығар.

Ендеше, бұл Coachella деген не?
Фотосуреттерді тек қызықтап қана қоймай, таным көкжиегімізді кеңейте отырайық. Күнделікті өсіп отыруды мақсат тұтқан адам көпшілік ойында тек зиян, уақытты босқа өткізудің жолы деп қалыптасқан Instagram-ның жақсы жағын алып, өзге мәдениет туралы білімін арттырып отырса болады.

Сонымен, Coachella (оқылуы: Коачелла) – Америка Құрама Штаттарының Калифорния штатында орналасқан Коачелла алқабында өткізілетін музыка мен өнер фестивалі. Атаудың ағылшын тіліндегі толық нұсқасы – Coachella Valley Music and Arts Festival. Коачелла-фест шарасын Goldenvoice компаниясы ұйымдастырады.

Бұл шара алғаш рет 1999 жылы өткізілген, ал 2001 жылдан бері сәуір айының үшінші немесе төртінші жексенбісінде басталып, 3 күнге созылады.
Фестивальге инди-рок, хип-хоп, электронды, поп-музыка сынды түрлі бағытта өнер көрсететін ұжымдар қатысады. Шара шеңберінде мүсін және көркемсурет көрмелері ұйымдастырылады.

Фестиваль өткізілетін алаңда бірнеше сахна орналастырылады, олар: негізгі сахна (Coachella Stage), ашық театр ( Outdoor Theatre), Гоби-тент (Gobi Tent), Мохави-тент ( Mojave Tent) және Сахара-тент ( Sahara Tent).
Шараға барушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Осы себепті Goldenvoice компаниясы 3-күндік музыка мерекесін арасына 1 апта салып екінші рет ұйымдастыруды қолға алды.

Биылғы Coachella Valley Music and Arts Festival 2017 бүгін басталды.

А. Оралқызы