Қыздар университетінде өткен айтыс мәресіне жетті

Қыздар университетінде өткен айтыс мәресіне жетті
Фото: massaget.kz

Қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ЖОО студенттері мен магистранттары арасында ақындар айтысы өтетінін бірер күн бұрын хабарлаған едік. Дүбірлі доданың қалай өткенін баяндап беруді жөн көріп отырмыз.

Алдымен қара қылды қақ жарған қазылар алқасының құрамымен таныстырып өтейік:

1. Қазылар алқасының төрағасы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба, текстология және инновация бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Тоқтар Әлібек;

2. Республикалық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, ақындар мектебінің ұстазы Ханша Раисова;

3. "Серпер" жастар сыйлығының иегері, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Саят Қамшыгер;

4. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің медиа орталығының директоры Дәрмен Смайыл;

5. Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Оразбекқызы Тымболова;

6. "Қыздар университеті" баспасының директоры, ақын Серік Акрамұлы Қалиев;

7. Журналист, этнография ғылымдарының магистрі Жарқын Сәленұлы.

Аламан айтысты филология ғылымдарының докторы Тұрсынбай Дәуітұлы жүргізді.

Бірінші болып сахна төріне Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті Айдана Қайсабек пен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті Рахымбай Ермек шықты. 

Алғашқы жұптың айтысын көрермендер қауымы ерекше ықыласпен тыңдады. Айтыс сүйер ағайынның ұлттық өнерімізге шөліркегені анық байқалды. 

2-ші жұп болып Қазақ Ұлттық университетінің намысын қорғап, талай айтыста топ жарып жүрген танымал айтыскер Айтбек Тұрсынбаев пен Қыздар университетінің аяулы ақын қызы Жібек Шахмардан сөз сайыстырды.

Шаршы алаңды шаңдатып шапқан Айтбектің жанкүйерлері қолдарынан келгенше қолдау көрсетті.

Қыз бен жігіт айтысының керемет үлгісін көрсеткен қос ақынға қазылар алқасы ең жоғары ұпайды берді. 

Одан кейін ортаға Абай атамыздың атын иеленген қасиетті қара шаңырақтың 1-курс магистранты Нұрзат Қару мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті Қуаныш Әлімберді шықты. 

Сәтті теңеулері және орамды ойларымен ұтымды сөз қағыстыра білген бұл жұп көрермендердің қошеметіне бөленді. 

Соңғы жұп болып Сүлеймен Демирел университетінің 4-курс студенті, "Жастар жырлайды" айтысының жеңімпазы Алтынбек Ибрагимов пен Абай атындағы педагогикалық университетінің 1-курс магистранты Дамубек Қамалбек бақ сынады. 

Қалың елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше әсер қалдырған ақын жігіттер жарасымды әзілдерімен, сүбелі ойларымен халықтың көңілінен шықты.

Қазылар алқасы бірінші айналымның жеңімпаздарын анықтап, шешімін шығарғанша қыздар университетінің өнерпаздары көрермендердің көңілін аулады.

Қазылардың шешімі бойынша ақтық сынға төрт ақын шықты. Алғашқы жұп - табан асты тапқырлық көрсеткен Айтбек Тұрсынбаев пен Нұрзат Қару болды.  

Ал, екінші жұп болып сахнаға өрелі ой, келелі кеңес айта білген Алтынбек Ибрагимов пен Жібек Шахмардан шықты. 

Айтысқа қатысқан ақындар Абай шығармаларындағы ұлт, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық махаббат тақырыбын кеңінен жырлады. Барлық ақынға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды. 

Әділ қазылардың ұйғарымы бойынша белгіленген жеңімпаздар мыналар:

Бас жүлде – Ибрагимов Алтынбек, Сүлеймен Демирел атындағы университет.

І орын – Тұрсынбаев Айтбек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

ІІ орын – Шахмарданқызы Жібек, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.

ІІІ орын, Қару Нұрзат, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті.

4 ынталандыру сыйлығы:

1. Қайсабек Айдана, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті.

2. Рахымбай Ермек, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы.

3. Әлімберді Қуаныш, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы.

4. Камалбек Дамубек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті.

Ж. Исакаев