- Негізгі бет
- Мәдениет
- Ертең Қыздар университетінде...
Ертең Қыздар университетінде айтыс өтеді
Ертең 28 қазан күні Қыздар университетінде Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы ...» атты қалалық ақындар айтысы өтеді.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өтетін додағы Алматы қаласы жоғарғы оқу орындарында білім алатын судент жастар қатысады.
Айтулы шараның мақсаты – Абай шығармашылығын жастарға кеңінен насихаттау, қазіргі заманғы қазақстандық қоғам үшін ойшыл ақынның рухани мұрасының құндылығын айқындау, ақын шығармашылығы арқылы жастарды рухани-адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, дарынды жастарға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсете отырып, жастар арасында айтыс өнерін дамытуға атсалысу.
26 қазан күні жеребе тарту рәсімі бойынша ақындар жұпталып, іріктеу кезеңінен өтті. Оған үздік деп танылған 8 жас ақын өтті. Алдағы сайыста іріктеуден өткен 8 үздік ақын (4 жұп) қарсыласымен хәкім Абайдың 170 жылдығын сөз ете отырып өзара сайысқа түсетін болады. Айтыс екі айналымнан тұрады. 1-ші айналым тақырыбы: «...Болмасаң да ұқсап бақ...» деп аталса, 2-ші айналым «...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» деген тақырыппен өтеді. Әр жұптан 1 ақын келесі айналымға өтіп отырады. Ақын-жазушылардан құралатын арнайы әділ-қазылар алқасы айтыскер ақындардың орақ тілділігі, от ауыздылығы, білімділігі, көркем сөзбен астарлы сөздерді орынды қолдануымен қатар, тақырыпты аша білуіне, қарсыласына орынды да ұтымды жауаппен тойтарыс беруіне және сахна мәдениеттілігі мен ұлттық киіміне де мән беретін болады. Айтыскерлердің таланты мен шеберлігі ашық түрде 5-тен 10-ға дейінгі ұпаймен бағаланады.
Басталуы: сағат 14.30-да.
Өтетін орны: ҚазМемҚызПУ, Гоголь көшесі, 114, Акт залы.