- Негізгі бет
- LifeStyle
- Қызылордада жасы 80-ге...
Қызылордада жасы 80-ге келсе де сахнадан түспеген өнерлі жұп тұрады
Қызылорда облысының Арал ауданында жасы 80-ге келсе де сахнадан түспеген өнерлі жұп тұрады. Күйші Мұрат Сыдықов пен әнші Базар Қостаеваның 60 жылға жуық уақыт бұрынғы көңіл жарастығы өнер жолында да қатар өрілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұрат Сыдықов есімі сырбойылықтарға ғана емес, күллі республика жұртына жақсы таныс. Теңізбен тілеулес күйші, композитор, ақын, жыраудың жасы 84-ке таяп қалса да әлі тың. Концерттен, басқа да мәдени іс-шаралардан қалмайды. Өмірлік серігі Базар Қостаева үнемі жанынан табылады. Ол да “қартайдым” деп қарап отырған жоқ. Аудандағы ауқымды жиын-тойдың гүлі. Әнін айтып, сый-құрметке бөленіп жүр.
Өмірде жолы тоғысқан өнерлі жұп 1980 жылы Сыдықовтар отбасылық ансамблін құрды.
“Ел аралап, концерт бере бастадық. Табанымыз тиген жердің бәрінде құшақ жая қарсы алды. 1987-1992 жылдар аралығында еңбекпен тапқан 7 мың сом қаржыны "Аралды құтқару" қорына аудардық. Бұл жаңалықты Қазақ радиосынан ақын Мұхтар Шаханов та жеткізген еді”, - деп еске алды Базар апа.
Қос кейіпкеріміздің балаларының арасында өнер жолын жалғағандар бар. Тұңғышы Санира 40 жылға жуық уақыттан бері хореограф. Ұлдарының бірі Төлеген – Қазанғап атындағы жергілікті ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі. Ал Жандос кезінде ансамбль құрамында өнер көрсеткенімен кейін төтенше жағдайлар саласына бет бұрды.
“1987 жылы Алматыда өткен фестивальға қатыстық. Көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев сонда бір Төлегеннің өзі бес аспапта ойнай алатынын көріп таңғалған. Бізді мақтап, Мәскеуге жолдама берді. Ол жақтан лауреат атанып, олжалы қайтқанбыз”, - деді ол.
Мұрат ағаның шаңырағында Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Асқар Тоқпанов, Манап Көкенов, Фариза Оңғарсынова, Құдайберген Сұлтанбаев сынды талай әдебиет, өнер қайраткері қонақ болды. Қаншама шетелдік келіп, талантты отбасы туралы сюжет, деректі фильм түсірді. Базар апаның қолынан дәм татты.
“Отбасын құрған алғашқы жылдары екі бөлмелі үйде тұрдық. Сонда да адам толастамайтын. Бізде қонақта болған кісілер облыс басшылығына “үйлері тар екен, пейілдері кең екен” деп хабар жеткізсе керек. Содан аудан басшылығы қостап, бізге үлкен үй сатып алып берді. Әлі күнге сонда тұрып жатырмыз. Танымал адамдармен дастарқандас болуымыз, ел ішінде елеулі есімге айналуымыз ағаңның арқасы”, - деді Базар апа.
Қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағланова ескі үйде де, жаңа үйде де мейман болған. Кейіпкеріміз табиғи талант иесінің біз білмейтін бір-екі қасиетін әңгімелеп берді.
“Ол кезде жаспыз, бізге бәрі қызық. Роза Бағланова бір жұмыртқаны жарып, сұйығына крем араластырып, бетіне жақты. Қайтып кеткесін мен де қайталап едім, крем дұрыс араласқан жоқ. Соған қарағанда ол кісінікі қымбат түрі боп тұр. Тағы бір ерекше қасиеті, сахнаға шығар алдында төрт сағат бойы нәр татпайды екен. Мен де кейін солай істейтін болдым. Ол кісінің “сахнаға шықсаң, жайнап кетеді екенсің, халықты баурап алады екенсің” деген бір ауыз сөзі маған қанат бітірді”, - деді ол.
Назерке Саниязова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы