- Негізгі бет
- LifeStyle
- Қызметкерден флюорографияға түсуін...
Қызметкерден флюорографияға түсуін талап ету заңды ма? Заңгер жауабы
Қай сала қызметкерлері флюорографияға түсуге міндетті? Бұл сұраққа заңгер Надежда Гельдт Tengri Life-ке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Надежда Гельдт Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2020 жылдың 15 қазанынан бастап медициналық тексерістен өтуге міндетті тұлғалық мақсатты топтар бекітілгенін айтты. Оларға мына топтағы адамдар жатады:
- Қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметкерлері;
- Медициналық қызметкерлер;
- Жолаушылар пойыздарының жолсеріктері, өзен, теңіз және әуе көліктерінің стюардтары;
- Бастауыш, орта жалпы, кәсіптік, жоғары оқу орындары, мектептен тыс мекемелер және компьютерлік клубтардың қызметкерлері;
- Оқуға түсетін тұлғалар.
Толық тізімді мына сілтемеге өту арқылы көре аласыз.
"Осы категорияларға кіретін азаматтар жұмысқа тұрарда немесе оқуға түсерде және әр 6 немесе 12 ай сайын медициналық тексерістен өтуі тиіс", - дейді заңгер.
Маманның айтуынша, флюорография алдын ала және жүйелі түрдегі тексеріске кіреді. Яғни, ол міндетті медициналық тексеріске жатады.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы Заңға сәйкес (86-бап) жұмыс беруші қызметкердің медициналық тексерістен өтуіне шарт жасауы тиіс. Сондай-ақ ол жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысын сақтай отырып, қызметкерді жұмыс уақытында босатуы керек.
"Жұмыс беруші міндетті медициналық тексерістен өтпеген және денсаулық жағдайы бойынша жұмысқа жарамсыз деп саналған тұлғаларды жұмысқа алмайды. Міндетті медициналық тексерістер нәтижесі жеке медициналық кітапшаға енгізіледі", - дейді заңгер.
Қорытынды: Егер кәсіби қызметіңіз бойынша, міндетті медициналық тексерістен өтуі керек тұлғалық мақсатты топқа жататын болсаңыз, флюорографияға түсуден бас тарта алмайсыз.
Оқи отырыңыз: Неліктен перзентханада босанған әйелді флюорографияға түсіреді?
А. Жапатова