Балалармен сөйлесу – өте пайдалы дағды. Ересектер проблемаларды балаларға білдіртпеуге тырысады және қандай да бір нәрсені баладан жасырады. Олар қандай да бір тақырыптарға баласын әлі кішкентай санайды. Алайда балалар жасына қарай барлығын түсінеді және жаңа білімге әрдайым ашық. Бастысы - балаға жаңа ақпаратты дұрыс жеткізе білу. Ересектер әдетте қозғауға әлі ерте деп санайтын тақырыптардың бірі – қыз балаға етеккірдің келуі. Қызыңызға етеккір жайлы қашан және қалай айтқан дұрыс? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне 12 жылдық тәжірибесі бар балалар психологы Сағынған Баршагүл айтып берді.
Маман қызыңыз шамамен 7-8 жасқа келгенде онымен етеккір жайлы сөйлесіп бастауға кеңес берді.
"Қызыңыз қорқып кетпес үшін етеккір жайлы ол басталмай жатып айту керек. Қазір қыздарда 9-10 жастан бастап етеккір келуі мүмкін. Оның қай жаста келетіні әр баланың физиологиялық ерекшеліктеріне, дене бітіміне, ағзасына байланысты. Сондықтан 7-8 жастан бастап қыз балаға айта берген жөн.
Мысалы, кей ата-аналар қызын кішкентай көреді де ештеңе айтпайды. Етеккірі келген кезде жанында боламын, сол кезде түсіндіремін деп ойлайды. Бірақ түрлі жағдай болады. Сіз жанында болмай қалуыңыз мүмкін, бұл жайлы мүлдем естімеген қызыңыз "астымнан қан кетіп жатыр" деп шок алуы мүмкін", - деді Сағынған Баршагүл.
Ана қызын алғашқы етеккір келуге дайындау керек.
"Баламен отырып әңгімелесу керек. Етеккір қалай басталады, қандай белгілер болады және ол кезде не істеу керегін айтыңыз. Мысалы, сен өсесің, кеудең де өседі, бұл сенің үлкен адам болып жатқаныңның белгісі деп айтуға болады. Сондай-ақ етеккір қыздарға 8 жаста да, 13 жаста да келуі мүмкін екенін ескертіңіз. Ол кезде төсемелер керек болатынын және оларды қалай пайдалану керегін айтыңыз. Кәдімгідей ішкиімге салып көрсеткен жөн. Тазалық жайлы айтуды да ұмытпаңыз. "Келген кезде міндетті түрде маған айт" деп қолдау білдіріңіз.
Қазір дамыған заманда бала ата-анасынан естімесе де, оны ғаламтордан, әлеуметтік желілерден біліп алады. Бірақ олардың арасында дұрыс та, теріс те ақпарат бар. Сондықтан бала мұндай маңызды нәрсені алғаш сізден естігені маңызды", - деп кеңес берді маман.
Балалар психологы Сағынған Баршагүл анасы мен қыз бала жақын қарым-қатынаста болу керегін түсіндіріп, пайдалы кеңестермен бөлісті.
"Жалпы анасы қыз балалармен өте жақын қарым-қатынаста болуы керек. Баланың әрбір айтқан сөзін сынап емес, түсініспеушілікпен тыңдай білу керек. Бұл баланың сізге ашылуына көмектеседі. Егер әркез айқайлап, ұрсып сөйлейтін болсаңыз, бала тұйықталып, кейін сұрасаңыз да, сырын айта алмайтын болады. Сондықтан кішкентай кезінен бастап баланың пікірімен санасу маңызды. Тіпті, 3 жастағы бала "мен мына киімді киемін, мынаны кимеймі" деп қырсықса немесе суық күні жұқа киіммен шығамын десе, бірден айқайлап, өз қалауыңызға қарай қинап киіндірмеңіз. Дала суық екенін айтып, шкафтан екі қалың киім алып шығып, осы екеуінің қайсысын таңдайсың деп сұраңыз. Балаға таңдау берсеңіз, бала келіседі. Сондай-ақ бірнәрсеге рұқсат бермесеңіз, міндетті түрде себебін түсіндіру керек. Бала кішкентай түсінбейді деп ойламаңыз. Керісінше, бала себебін білгісі келеді", - деп қорытындылады ол.
Оқи отырыңыз: Баланың тілі неге кеш шығады? Логопед көпті толғандырған сұраққа жауап берді