Қытайда шенеуніктер жұмысшыларға сегіз тонна қоқыстан сағат іздетті

Қытайда шенеуніктер жұмысшыларға сегіз тонна қоқыстан сағат іздетті
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қытайдың Шаньси провинсасындағы Датун қаласында шенеуніктер балаларға арналған ақылды сағатты табу үшін жұмысшыларға сегіз тонна қоқысты қолмен ақтартқаны туралы оқиға үлкен дау туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.

Оқиға шілде айының басында болған. Балағымен бірге Датун қаласына келген турист әйел үйіне қайтқан соң баласының ақылды сағаты жоғалғанын байқайды. GPS-трекер арқылы құрылғының қалдықтарды өртеу зауытында жатқанын анықтайды.

Әйел жедел желіге қоңырау шалып, шенеуніктер вокзалдан шыққан қоқысты түгелдей қайта қарауға тапсырма береді. Оның айтуынша, сағат сол жерде жоғалуы мүмкін болған.

Қытайлық БАҚ мәліметінше, екі жұмысшы шамамен сегіз тонна қоқысты бірнеше сағат бойы қолмен ақтарып, аптап ыстықта іздеу жүргізген. Ақыры сағат табылып, иесіне қайтарылады.

Қалалық әкімдік бұл жағдайды "туристерге көрсетілетін жоғары деңгейдегі қызмет пен азаматтардың өтінішіне мұқият қараудың үлгісі" деп бағалады. Әкімдіктегілердің айтуынша, турист VIP адам болмаған және өтініш әдеттегідей тәртіппен қаралған.

Дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті сынға алды. Олар шенеуніктерді адам ресурсын орынсыз пайдаланды деп айыптап, қарапайым сағат үшін жұмысшылардың еңбегін қор ету дұрыс емес екенін айтты. Кейбіреулер мұндай сағаттар бар болғаны 15–22 мың теңге тұратынын жазды.

Күшейіп жатқан сынға байланысты билік өкілдері түсініктеме беріп, жұмысшылардың желдетілетін, жабық ғимаратта жұмыс істегенін және олардың адалдығы үшін марапатталғанын айтты.
 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget