Қытайда чемодансыз қалмаудың жолы: жүкке не салуға болмайды

Қытайда чемодансыз қалмаудың жолы: жүкке не салуға болмайды
Фото: depositphotos.com

Халықаралық сапарлар — әсіресе кедендік бақылаудан өту кезінде — мұқият дайындықты талап етеді. Әр елде жолаушылардың жүгін тексеруге қатысты өз ережелері бар. Қытай бұл жағынан ерекшеленбейді. Жақында бір блогер Қытайға немесе сол ел арқылы ұшқанда нені ескеру қажет екенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

350 мыңнан астам қаралым жинаған Кристина есімді блогердің видеосы желіде кең таралды. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, Қытайға ұшу кезінде жүкке мүлде салуға болмайтын заттар туралы ескертті.

"Мен жүгіме қатты уайымдап, авиакомпаниялар туралы миллиондаған сайт пен пікірді оқып шықтым - чемоданымды не үшін тексеруге алып кетуі мүмкін екенін нақты білгім келді", - дейді ол видеода.

Негізгі тыйымдар
Блогер тәжірибелі саяхатшылардың кеңесіне сүйене отырып, Қытайға ұшқанда немесе сол ел арқылы транзитпен өткенде жүкке немесе өзіңізбен бірге мүлде алмау керек заттардың тізімін келтірді:

Электроника және батареясы бар құрылғылар: фен, қуаттағыштар, пауэрбанк, электрлік тіс щеткасы, камера, стабилизатор сияқты заттар тек қол жүкке ғана салынады.

"Батареясы бар кез келген құрылғыға тыйым салынған. Электрлік щетка үшін де чемоданды ашып, тексере алады", "Маркерсіз пауэрбанкімді тартып алды", – деп жазады пікір қалдырушылар.

Оттықтар (зажигалка) – мүлде тыйым салынған. Не жүкке, не қол сөмкеге салуға болмайды.

"Чемоданды ашып, құлыпты бұзып, зажигалканы алып кетіпті. Оның орнына ішіне хат қалдырған", – дейді бір қолданушы.

Антисептиктер, әсіресе құрамында спирті бар — жүкке де, қол сөмкеге де болмайды. "Екі рет антисептигімді тартып алды", – дейді пікір білдірушілердің бірі. Жемістер мен жануарлар өнімдері:Қытай кеден ережесі бойынша жеміс-жидек, ет, шұжық, сало, сүт өнімдерін алып кіруге болмайды. Дегенмен кей қолданушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кейбір жағдайларда өткені туралы айтқан:

"Борщ пісірсін деп, анам берген қызылшаны өткіздім – кеденші күліп жіберді", "Жүзімді себетпен алып өттім – ештеңе болған жоқ". Қысыммен жабылған баллондар мен спрейлер: лактар, дезодоранттар, мусс, көбік сияқты заттарды алып қоюы мүмкін. "Шанхайдағы ауысып міну кезінде лак пен дезодорантымды алып қойды", – деп жазды тағы бір қолданушы.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kris Markova | lifestyle & travel (@markovaak)

Темекі мен алкоголь – Қытайдың Кедендік Бас басқармасының мәліметіне сай:

400 дана темекі немесе 100 сигардан аспауы керек;
1500 мл-ден аспайтын, құрамында 12%-дан көп спирт бар алкоголь өнімдері ғана;
20 000 юаньнан немесе 5000 АҚШ долларынан көп қолма-қол ақшаны декларациясыз алып өтуге болмайды. Артық болса, арнайы кедендік форма толтырылады.

Сондай-ақ Қытайға мыналарды алып кіруге болмайды:

жануарлар мен өсімдіктер, карантиндік бақылауға жататын заттар (топырақ, тұқым, жануар өнімдері), қару-жарақ, есірткі, психотроптық заттар, моральға, мемлекеттік мүддеге немесе Қытай мәдениетіне қайшы келетін заттар.

Не алып өтуге болады және қалай дұрыс тасымалдау керек?

Қол жүкке ноутбук, фотоаппарат, батареясы бар гаджеттерді алуға болады.
Пауэрбанктің қуат мөлшері міндетті түрде көрсетілуі керек (әдетте сыртында жазылады).
Тамақ өнімдерін, әсіресе жаңа жемістер мен жануарлар өнімдерін мүлде алмаған жөн.
Косметика мен сұйықтықтар - әр бөтелке 100 мл-ден аспауы, ал барлығы 1 литрден көп болмауы керек.

Егер Қытайға немесе оның аумағы арқылы транзитпен ұшсаңыз, кедендік шектеулерді мұқият зерттеңіз, "өтетін шығармын" деп үміт артпаңыз. Багажыңызды ашып, тыйым салынған затты алып қоюы, тіпті чемоданыңызды рейске тиеп үлгермеуі мүмкін - бұл әсіресе аз уақыттық ауысым кезінде орын алады.Багажыңызды екі рет тексеріңіз, ресми нормаларды ұстаныңыз, және есте сақтаңыз: техниканы чемоданға салып қалдырудан гөрі, оны қол жүкке алған қауіпсіз.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget