Қыста жолдар жүргізушілер үшін нағыз сынаққа айналады. Қар, көктайғақ және күтпеген оқиғалар кез келген жүргізушіге қауіп төндіруі мүмкін. Дегенмен қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтасаңыз, келеңсіздіктердің алдын алуға әбден болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Auto жазбасына сілтеме жасап.
Автокөлік сарапшысы Юрий Резневтің айтуынша, ең бастысы - күтпеген және тосын қозғалыс жасамау. Сырғанау мен тізгінді жоғалтпау үшін біркелкі қозғалып, тежегішті баяу басыңыз. Әсіресе кенеттен маневр жасамау және бұрылғанда сигналдарды міндетті түрде пайдалану маңызды.
Қыста жылдамдықты төмендетіп, алда келе жатқан көліктерден аулақ болу керек. Сарапшы қашықтықты әдеттегіден кемінде бір жарым-екі есе арттыруды ұсынады. Тайғақ жолда тежеу арақашықтығы артатынын есте ұстаған жөн.
Көпірлер мен эстакадаларда ерекше сақтық таныту керек - көбінесе дәл осы жерлерде мұз қату көп кездеседі.
"Жол ашық болып көрінсе де, бұл жерлер температураның өзгеруіне байланысты қауіпті болуы мүмкін", - дейді Резнев.
Тасжолдағы таңбалар көрінбесе, жол белгілерін пайдаланып жүру керек.
"Егер белгілер болмаса (немесе көрінбесе), жолақ ені шамамен үш метр екенін есте ұстаған жөн, бұл көпжолақты жолда бағдарды жоғалтпауға көмектеседі", - деп қорытындылады сарапшы.
Ең маңызды ереже: егер жолда ауа райы бұзылса, оны мүмкіндігінше күте тұрыңыз. Жанармай құю станциясында немесе жол бойындағы кафеге тоқтаңыз.
Еске салайық, бұған дейін суықта көлікті дұрыс қыздыру туралы жазған едік. Қыс түскенде жүргізушілер қозғалыс алдында қозғалтқышты дұрыс жылыту мәселесіне тап болады. Қыста көлікті жылытудың дұрыс алгоритмін автосарапшы айтып берді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!