Қыс мезгілінде көлік жүргізушілерінің басты назарында болуға тиіс нәрсенің бірі - қысқы дөңгелекті уақтылы және дұрыс таңдау, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қысқы дөңгелектің қандай түрлері бар?
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, көліктерге арналған қысқы дөңгелек негізгі үш түрге бөлінеді:
- Біріншісі - шегелі дөңгелектер. Мұндай дөңгелектер ауа температурасы жиі төмендеп, мұз қататын аймақтарға қолайлы.
- Екіншісі - фрикциялық (жабыспалы) дөңгелектер. Бұл түрі қала жолдарына және қолайлы климатқа тиімді. Ол қар мен дымқыл асфальтта жақсы нәтиже көрсетеді, алайда қатты мұзда тиімді емес.
- Үшіншісі - жыл бойғы дөңгелектер. Олар орташа қысқа жарамды, алайда қатты аяз бен көктайғақ кезінде арнайы қысқы дөңгелектерге қарағанда тиімсіз.
Мамандар қандай кеңес береді?
Мамандардың айтуынша, қысқы дөңгелекті таңдауда бірқатар техникалық көрсеткішке назар аудару қажет.
Таңдалған дөңгелек көліктің техникалық сипаттамаларына сәйкес болуы керек. Бұл көрсеткіш дөңгелектің рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығы мен көтере алатын салмағын айқындайды.
Қысқы дөңгелектердің протекторының тереңдігі кемінде 4 миллиметр болуы керек.
Тәжірибе бойынша бес жылдан асқан дөңгелектерді пайдалану ұсынылмайды, себебі уақыт өте келе олар өзінің серпімділік қасиетін жоғалтады.
Қысқы дөңгелектерде міндетті түрде M+S немесе тау бейнесіндегі қар ұлпасы белгісі (3PMSF) болуы қажет. Бұл талаптарды бұзған жағдайда жүргізушілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова