Қымыз, ет, тақия: америкалық Жолтайдың өмір салты және Астананы таңдау себебі

Қымыз, ет, тақия: америкалық Жолтайдың өмір салты және Астананы таңдау себебі
Фото: Massaget.kz

"Ассалаумағалейкум? Менің есімім – Жоел, ал қазақша есімім – Жолтай". Әлеуметтік желідегі әр видеосын осылай бастап, басынан тақиясын тастамайтын Жоел Адамсон бізбен де сөз басын осылай бастады. Америкалық кәсіпкердің таңдауы - Астана. Лос-Анжелесте туып-өскен, алайда тұрғылықты жері ретінде Қазақстанды таңдаған Жоел мырза Massaget.kz тілшісіне өз оқиғасын айтып берді.

"Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып, Алматыға көшіп келдім"

Америкалық кәсіпкер Жоел Адамсон 1990 жылы алғаш рет Қазақстанға келген. Бұл сапары оның өмірін күрт өзгерткен.

"Мен Лос-Анжелес қаласының тумасымын. Әйе­лім де сол қалада туып-өсті. Қоршаған ортаны қорғау ісіне жауапты ин­ж­е­­нер мамандығын меңгердім. Ал әйелім – эстон қызы. Оның ата-анасы Екін­­­ші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Америкаға көшіп келген.

1990 жылы шетелдіктерге Алматыдағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде ашылған даярлық курсында бір жыл қазақ тілін үйренуге мүмкіндік берілді. Ол кез­де әйелім екеуіміз Лос-Анжелесте инженер бо­лып жұмыс істейтінбіз. Басында бір жыл оқи­мыз, сосын Америкаға қайтамыз деп жоспарлаған едік. Болашақта балаларымызға, немерелерімізге Кеңес одағы туралы әңгімелеп береміз дейтінбіз. Біз 1990 жылы тамызда келіп, бір жыл қазақ тілін интенсивті түрде оқыдық. Келесі жылы өзіміз мұғалім жалдап, оқуымызды жалғастыруға шешім қабылдадық. Себебі Қазақстан бізге ұнады, қалуымызға көп себеп таптық", - деп еске алды америкалық азамат.

"Қазақ тілін АҚШ-қа қайта оралған 18 жылда да ұмытқан емеспін"

"Бізге Қарлығаш апай са­бақ берді. Ол кісі ағылшынша білмейді, ал біз орысша біл­мей­міз. Сөздік деген атымен жоқ. Өте қиын болды. Алайда, біз тілді үйрендік. Біз қазақша үйреніп жүргенде Қа­зақ­стан тәуелсіздігін алды.

Балаларым Атырауда мектепте қазақша оқыды. Кейін мені Мәскеу, Сахалинск аралдарында жұмыс істедім. Сол кезде Бех­терев деп аталатын күрделі аутоиммунды сыр­қатқа душар болдым. Ем-дом алу үшін Америкаға қайтуға тура келді. Қатты ауырғаным сонша, мүгедектер арбасымен жүруге мәжбүр болдым.

Америкада ауырып жатқанда ай сайын Қазақстандағы достарыммен хат-хабар алысып тұратынмын. Жиі сөйлесе­тінмін. Арада 18 жыл өткен соң, қайта оралдым. Қазақ тілін осы аралықта ұмытқан жоқпын", - деді Жолтай мырза.

Жоел Адамсон - инвестиция тартуға қатысты консуль­тация ұсынатын компания "Invest шешім" компаниясының басшысы. Компанияның бас кеңсесі Сиэтлда орналасқан, Астанада да кеңсесі бар. Сыртқы істер министрлігіне қарасты Kazakh Invest компаниясымен бірігіп, Қазақстанға Аме­рика, Еуропа, Кореядан инвесторларды тарту ісі­мен айналысады.

"Әйелім қамырды қолдан жаяды"

"Қазақстанға алғаш келгенде әйелім ет асуды үйренді. Ол кезде қамырды қолдан илеп, жаятын. Одан кейін Америкада 18 жыл тұрып, Қазақстанға қайта оралғанда дүкенде дайын еттің қамырын көріп таңғалдық. Сатылатынын біліп, қатты қуандық. Әйелім ет асу оңай болды деп мәз болды. Біз қойдың етінен әзірленген тамақтарды сүйіп жейміз", - дейді Жоел Адамсон.

 Америкалық азамат басынан тақиясын тастамайды.

"Мен ара-тұра мешітке барамын, Нұрлан имаммен кездесіп, білмегенімді сұраймын. Қазақ мәдениеті туралы оқимын. Маған батамен қатар, қазақтың мақал-мәтелдері ұнайды. Үлкендер мақал-мәтел арқылы жастарды жақсылыққа шақырады, ізгілікке баулиды", - деді Жоел мырза.

Қазақстан - қауіпсіз мекен

Жоел Адамсонның ұлы мен қызы қазір Америкада тұрады.

"Қызым бала кезінде құртты қатты жақсы көрді. Қазір де Америкадан келген сайын, толтырып құрт алып кетеді. Жиен немерем, күйеубалам, келінім бар. Үлкен отбасымыз.

Әрине, әр адамның туған жері өзіне ыстық. Алай­да Америкада алаңдататын мәселе көп. Ал, Қазақстан - қауіпсіз мекен. Далада емін-еркін жүресің. Астана се­кілді тыныш қалада жұмыс істеу, тіптен, керемет", - деп сөзін қорытындылады ол.

Жоел Адамсон барша Қазақстан халқын 1 мамыр - Бірлік күнімен құттықтап, татулық пен ашық аспан тіледі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget