- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Қылжақтап, ана тілінде...
"Қылжақтап, ана тілінде не айтып, не қойып отырғанын білмейтін жүргізушілерді шектеу керек!"
Жазушы Роза Мұқанова телеарналардағы қазақ тілінің мәселесін көтеріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Драматург, сценарист Роза Мұқанова телеарналарда шұбарлап сөйлеу белең алып бара жатқанын айтады.
"Телеарналар кейінгі екі жылда екі тілді араластырып отырып, міз бақпай шұбарлап сөйлеуді дәстүрге айналдырып алды. Бұл не?.. Кеңестік заманда да эфирде шұбарлап сөйлеуге рұхсат етпейтін. Қазір телехабар жүргізушілер тілі жетпесе орыс тілінде ойын жеткізіп отыра береді. Бұған жол беруге болмайды, бұл эфир мәдениетіне де үлкен сын. Жүргізуші қазақ тілінде сөз саптап әуелі үйренсін, тәжірибеден өтсін. Эфир ошақ басы емес, халықтың сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастырады. Осылай араластырып, әркім білгеніне салса жалпы сөйлеу, қарым қатынас мәдениетінен де біржола айырыламыз. "Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін". Біз өзімізді қадірлей алмай отырмыз. Бесігіңді түзеу - эфиріңді де түзе деген сөз! Бізге қылжақтап, ыржақтап, ырбақтап ана тілінде не айтып, не қойып отырғанын білмейтін жүргізушілерді шектеу керек!" - деп жазды ол.
Желі қолданушылары да бұл пікірге қосылып, кейінгі кезде бұл мәселе ушығып тұрғанын жеткізді.
"Телеарналарда редактор деген болмай ма, "мына сөз орысша кетіп барады, жөнде" дейтін және бәрі тележурналистиканы арнайы оқығандар ма, әлде көлденеңнен қосылғандар ма, соны тексеру керек шығар", "Өте орынды, дұрыс айтасыз", "Орынды! Телевизия беттің әдемілігін көрсететін құрал емес, ол тәрбие құралы деп сенатор кезімде осы мәселені айтып едім, Түзеу керек дейміз, де қоямыз!", "Дұрыс айтасыз. Бұлай кете берсе әрі қарай не болады деп ойлаудың өзі қорқынышты", - дейді олар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова