Қыдырәлінің анасы Қарақатпен қалай танысқанын және қандай келін болғанын айтты

Қыдырәлінің анасы Қарақатпен қалай танысқанын және қандай келін болғанын айтты
Фото: instagram.com/karakat_a/

Қыдырәлі Болмановтың анасы келіні Қарақатпен алғаш рет қалай, қайда танысқанын және келінін қалай қабылдағанын айтып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол журналист Анна Данченкоға Қыдырәлі мен Қарақаттың "күміс тойында" берген сұхбатында айтып берді. 

Журналист келінімен ең алғашқы кездесу қалай өткенін сұрады. 

"Алматыға жиі барып тұратынмын. Бір күні барғанда Қыдыр көлігімен күтіп алды. Әдеттегідей, көліктің алдына отырдым. Сөйтсем, "Сәлеметсіз бе!" деп артымда бір қыз отыр. Қарадым да, "Сәлемет пе!" дедім де қойдым. Сосын жолда келе жатқанда "Апа, алма жеңіз" деп маған алма берді. "Е, жарайды, рақмет" деп алдым. Сол кезде ішімнен ойладым, "Сөйлесіп жүрген қызы осы шығар" деп. Соңында солай болып шықты ғой", - деп күліп еске алды Қарақатпен алғашқы таныстығын. 

Анасы Қыдырәлі Болмановтың ұзақ уақыт үйленбей жүргеніне уайымдапты. Кейде тіпті "біздің ауылда мынадай қыз бар" деп, келін болады-ау деген қыздарды да ұсынатын болыпты. 

"Негізі Қыдыр біраз жүрді ғой үйленбей. "Үйлен де үйлен" деп 2-3 ай сайын барып тұратынмын қалаға. Мынау мұғалім, мынау бухгалтер деп талай қызды айттым. "Ой, апа, қой ол қыздарыңды. Мен өзім тауып алам. Саспа мен үшін" дейтін. Енді жүре бересің бе, 30-ға келдің ғой деп мен де қоймайтынмын. Содан бір күні "Апа, үйленемін" деді. Сол кезде қатты қуандық қой. Жаңаарқаның қызы, институтта оқиды екен. Жаңаарқаға барып, алдынан өтіп, қолдан алдық қой Қарақатты", - деді. 

Анна Данченко енесінен "Қарақат ханым қандай келін болды?" деп те сұрады. 

"Өкпем жоқ. Жақсы көрем. Өте тамаша. Құдайға шүкір, алдымды кесіп өткен емес. Қыдыр да анау-мынау қызға қарамайды ғой", - деп күлді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева