Күйзеліске түскен жанға қалай көмектесе аламыз?

Күйзеліске түскен жанға қалай көмектесе аламыз?
Фото: Видео кадры

Суицид жасайтын адамды қалай анықтаймыз және оған қалай көмектесе аламыз? Бұл сұрақтарға дәрігер-психиатр Арайлым Шыңғысханқызы "Мамский әңгіме" подкастында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маман мұндай адамды анықтау оңай емес екенін, алайда олар көбіне тұспалдап айтатынын түсіндірді.

"Депрессия асқынған кезде суицидке алып келеді. Суицид жасайтын адам көп жағдайда тұспалдап айтады. Мысалы, "мен ертең осы өмірден жоқ болып кетсем, сен не істер едің", "ана кісі өзіне қол жұмсапты ғой, сол жайлы не ойлайсың" және т.б. Осы тақырыптағы әңгімелерді жиі қозғауы немесе әрекеттері әдеттегіден өзгеше болып кетуі сізді ойландыруы керек. Мысалы, кей адамдар суицидтің алдында қатты қуанып жүреді, бәріне сыйлық таратып, алғыс айтады. Өзіне тән емес әрекеттер жасап жүрсе, оның жоспары болуы мүмкін", - дейді дәрігер.

Психиатр депрессиядағы адамды тыңдау және онымен көп сөйлесу маңызды екенін айтты.

"Алдымен адамның депрессияда жүргенін байқасаңыз, онымен сөйлесіп көру керек. Әдетте, адамның жақын досы, жақын бауыры байқайды. Онымен ақырын сөйлесу керек. Олардың мінезі өте нәзік болады, сондықтан ойларымен бөліссе, тыңдау керек. Ешқандай пікір білдірмеңіз, сөкпеңіз. "Ол да проблема болып па" деген секілді сөздерден аулақ болыңыз. Шынымен олардың проблемалары аса маңызды емес болуы мүмкін, бірақ оны сіз құнсыздандырмауыңыз керек. Оны тыңдаңыз, оған күтім жасаңыз: үйін жинап беріңіз, қыдыртыңыз, тамақ алып беріңіз. Яғниоған уақыт бөлу керек.

Содан соң жайлап осы тақырыпты қозғап көріңіз. "Мен біреуден естідім, депрессияда жүрген адамдар мынадай болады екен, оларға мынадай көмек керек екен" деген секілді айтып көріңіз немесе "сен депрессияда болсаң да, болмасаң да, сен мен үшін дос, бауыр, балам болып қаласың, қандай жағдай болмасын мен сені әрдайым тыңдауға дайынмын" деп қолдау білдіріңіз. Иә, олар ұзақ уақыт бойы депрессияда жүруі және шаршатып жіберуі мүмкін. Алайда шыдамды болуға тырысыңыз. Маман көмегін ұсыныңыз", - дейді Арайлым Шыңғысханқызы.

Дәрігер бір рет суицидтік әрекетке барған адам міндетті түрде ауруханада жатып емделуі керек екенін ескертті. Ол қашықтан емделмейтінін айтты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова