- Негізгі бет
- LifeStyle
- Күйеуіңіз көзіңізге шөп...
Күйеуіңіз көзіңізге шөп салса, оны кешіру керек пе? Психолог кеңесі
Көзге шөп салу - қоғамда ашық талқыланбайтын тақырыптың бірі. Алайда бұл ол жоқ деген сөз емес. Психологтарға көмекке жүгінетін әйелдердің жиі қоятын сұрағы - "көзіме шөп салған күйеуімді кешіруім керек пе?". Опасыздықты ұмыту мүмкін емес, ал серігіңіздің мұндай әрекетін кешіру мүмкін бе? Massaget.kz тілшісі психолог Айнұр Мұханқызымен сөйлесті.
Психолог күйеуі көзіне шөп салған әйелдер оның мұндай әрекетке барғанына жиі өздерін кінәлайтынын айтты.
"Әдетте, күйеуі көзіне шөп салған әйелдің алғашқы сұрағы - "неге", "не үшін". Содан кейін үйреншікті "өзімнен де бар", "өзіме қарамай кеттім", "оған көңіл бөлмей қойдым", "жағдайын дұрыс жасамадым", "дәмді тағамдар пісірмей кеттім", "балалар да шаршатты" деп, өзін кінәлап, оны ақтайтын нәрселер іздеп кетеді. Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады", - дейді ол.
Маман әр адам өз әрекетіне өзі ғана жауапты екенін ескертті.
"Егер ер адам измена жасағысы келсе немесе жасаса, әйелінде тұрған ештеңе жоқ, жауапкершілік 100% ер адамның мойнында. Осы орайда, әбіржіп кеткен әйелді кім қалайды дерсіз. Десе де, әйелдің әбіржіп кеткенін сөзбен жеткізуге болады және әбіржіген әйел өзіне келуі үшін көмектесуге болады", - деді психолог.
Ер адам әйелінің көзіне шөп салды дерлік. Ары қарай қарым-қатынас қалай дамиды? Ажырасу керек пе? Әлде қарым-қатынасты сақтап қалған дұрыс па?
"Бұл жерде дұрыс жауап жоқ. Әркім өзі шешеді. Барлығы жекелей. Опасыздық ұмытылмайды, ұмыту мүмкін емес. Егер сіз бұған дейін күйеуіңізді бір қырынан таныған болсаңыз, көзіңізге шөп салғаннан кейін оған басқаша қарай бастайсыз. Сеніміңіз біржола сынды. Енді алғашқыдай сенім арту мүмкін емес.
Бірақ жылдар бойы қалыптастырған қатынасты үзе салғыңыз келмеуі мүмкін. Тірнектеп қалаған отбасының қабырғасын қирата салу оңай емес. "Бұл қарым-қатынас ары қарай маған не береді? Оның орнын қалай өтеуге болады? Күйеуіңіз істеген әрекетінің салдарын түсінеді ме? Сізге қандай жарақат салғанын, отбасына қандай зарар бергенін түсінеді ме? Бұл әрекетіне шын мәнінде өкініп, орнын өтеу үшін әрекет жасады ма? Жасаған әрекеттері сізді қанағаттандырады ма? Әлде, бұл әрекеті үшін де сізді кінәлап, манипуляция жасағысы келеді ме?" деген сұрақтарға жауап іздеп көріңіз", - дейді Айнұр Мұханқызы.
Маман ең бастысы өз сезімдеріңізді тыңдауға кеңес берді.
"Қандай жағдай болмасын, өзіңізді тыңдаңыз. Шешім қабылдау сіздің қолыңызда. Қарым-қатынас үшін екі жақ та жауапты. Екі адамның да әрекеті, жауапкершілігі теңдей болу керек. Таразының басы тең болғанда ғана қатынас оңды дамиды", - деп кеңес берді психолог Айнұр Мұханқызы.
Оқи отырыңыз: Ер адамдар неге көзге шөп салады? Сексолог пікірі
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова