- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Күйеуім қаншама рет...
"Күйеуім қаншама рет домбырамды сындырды". Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі әйел ән айтып, би билеп табыс тауып жүр
Әнші де өзі, биші де өзі, асаба да өзі, ақын да өзі. Бірнеше өнерді бір бойына сыйдырған қызылордалық аруды мүмкіндігі шектеулі деп айта алмайсың. 37 жастағы Раушан Жүсіпова – 3-топ мүгедегі. Ол Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Бірақ армандарын ешқашан аяқасты еткен емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Гигиенист-эпидемиолог мамандығы бойынша жоғары білім алғанмен белгілі себепке байланысты дипломға қолы жетпепті. Дәстүрлі әнші мамандығын алуға он шақты жыл бойы талаптанғанмен оқуға түсе алмапты.
Жоғары білімде жолы болмаса да бойындағы талант тасада қалған жоқ. Бесаспап десе, бесаспап. Асаба, әнші, биші ретінде той-томалаққа шығып тұрады.
"Топ бастап, табандылығымен жауды тойтарған Томиристің ұрпағына тойдағы қонақты басқару не тәйірі?!", - деді ол.
Асаба болып жүріп өзі ән әуелетіп, мың бұралып билей береді. Көпшілік ортада тосын жағдайлар да болып тұрады.
"Бірде той иесі терме орындап, билеп беруімді сұрады. Алдымен терме айттым, жартысына келгенде жарық өшіп, даусым шықпай қалып, қонақтар шулай жөнелді. Мұны көрген қасымдағы асаба "сен билемей-ақ қойшы, әнді де қатырмадың" деді ашулы кейіппен. "Маған екі нөмірдің де ақшасын беріп қойған. Неге билемеуім керек?" деп мен де қайтпай тұрып алдым. Билей жөнелгенім сол еді, халық көңілдене орнынан түрегеліп, ұзақ қол шапалақтады. Сол жағдай әлі есімнен кетпейді", - деді кейіпкеріміз.
Раушан Жүсіпова – бес баланың анасы, Сырдария ауданы Амангелді ауылындағы өсіп-өнген әулеттің келіні. Жұбайының тойда ән айтып, би билегенін жолдасы көпке дейін құп көрмепті.
"Өнерімді тастай алмайтынымды үйленбей тұрып, оған талай айттым. Бірақ бас қосқаннан кейін сөзім далада қалды. Қызғаныштан қаншама рет домбырамды сындырды, той киімдерімді жыртып, өртеп жіберді. Биыл отау көтергенімізге 18 жыл толса, соның соңғы екі жылында ғана мені өнерден айыра алмайтынын түсінді", - деді кейіпкеріміз.
Раушан Жүсіпова сахналық киімдерін өзі пішіп, тігіп ала береді. Оған қоса 18 жылдан бері шаштараз болып түрлі сұлулық салонында еңбек етті.
"Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың шашын тегін алып беремін. Негізгі көп табыс әкелетін кәсіп – осы. Бірақ маған бәрінен бишілік өнер аса жақын", - деді қайсар келіншек.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы