“Күйеуім жалықса, төркініме кетіп қаламын“. Мархаба Сәби отбасы туралы айтты

Танымал әнші, хит әндердің авторы әрі орындаушысы Мархаба Сәби отбасылық өмірі, күйеуі мен қызы туралы айтып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында сөз қозғады. Әншінің айтуынша, шығармашылық адамдарға еркіндік, кейде отбасынан демалып тұру керек екен. 

"Махаббат сезімі лаулап тұрған ғашықтар бір-бірінен жалықпайды ғой. Ал отбасы болған соң бәрі басқаша. Кейде күйеуім менен шаршап кетсе, мен қызымды алып, төркініме кетіп қаламын. Кейде, керісінше, мен жолдасымнан жалығып, шаршасам, күйеуім қызымды алып, басқа жаққа кетіп қалады. Мен үшін демалыстың төресі - жалғыз қалып, ән жазу, жеке шығармашылығыммен айналысу", - дейді Мархаба Сәби. 

Композитор, ақын Мархаба Сәби осы күнге дейін 60-қа жуық ән жазыпты. Олардың көбі бірден танылып, хитке айналған. Қазір оның "Демалам" әні әлеуметтік желіде танымал болып үлгерді. 

"Жолдасым - сыншым, қызым - музам деуге болады. Өнер адамын өнер адамы ғана түсінеді екен. Менің күйеуім де сазгер, домбырашы. Сондықтан мені үнемі қолдайды, кеңесін айтып отырады. Кез келген нәрсені бірге отырып талқылаймыз", - деді Мархаба Сәби. 

Сұхбат барысында өнер иесі арнайы тапсырыспен ән шығармайтынын, өлеңге сөз жазбайтынын айтты. 

Еске салайық, былтыр Мархаба Сәби ағайынды Жүгінісовтерге, оның ішінде, Мирас Жүгінісовке өкпелі екенін айтқан болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз