Кейінгі кезде әлеуметтік желіде доула қызметіне жүгінген, босанған кезде серіктес кіргізген тәжірибесін бөлісетіндер қатары көбейген. Мира Шарбақова - алты жыл бойы әйелдерге жүктілік, босану кезінде және босанғаннан кейінгі сатыларда қолдау көрсетіп жүрген кәсіби доула. Ол алғашында жақын адамдарына көмектесе жүріп, кейін осы салаға бет бұрған. Маман кейінгі жылдары бұл қызмет неге сұранысқа ие екенін айтты.
Кәсіби доуладан ерлерге үндеу
Мира Шарбақова бүгінге дейін мыңнан аса әйелге осы жолдан өтуге көмектескен: психологиялық, физикалық қолдау көрсету, дұрыс ақпарат жеткізу арқылы. Ол ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында әйел үшін барлық саты өте маңызды екенін түсінгенін де жеткізді:
"Босанғаннан кейін әйелге көрсетілетін күтім кейде жүктілік пен босанудың өзінен де маңызды. Өкінішке қарай, бізде бұл кезеңге өте аз көңіл бөлінеді".
Десе де маман кейінгі жылдары доула қызметіне сұраныс артып келе жатқанын айтып, мұны адамдардың әйелдің босану мен босанғаннан кейін қалпына келу кезеңіне саналы қарай бастауымен байланыстырды.
Көрнекі сурет/depositphotos.com
Кәсіби маманның айтуынша, бүгінде нарықтағы баға да әртүрлі. Доулалар өз қызметін 50 мың теңгеден бастап 500 мың теңгеге дейін бағалайды.
"Көп адам босануға серіктес ретінде қатысса, өзін доула деп атауға болады деп ойлайды. Бірақ бұл - қате түсінік. Доула болу үшін кәсіби түрде оқып, өз мамандығыңның шекарасын, доуланың этикалық кодексін білуің қажет. Оған қоса, эмпатия деңгейі жоғары болуы, клиенттермен және медицина қызметкерлерімен дұрыс қарым-қатынас орната білуің керек", - деді ол.
Маман ер азаматтарға үндеу жасады:
"Қазір ер адамдар, жас әкелер босануға да, босанғаннан кейінгі қалпына келу кезеңіне де қатысып жатады. Әрине, бұл қуантады. Әсіресе, босанғаннан кейін әйел үйде болған уақытта күйеуінің көмегі аса маңызды. Осы тұста ер азаматтарға кеңес бергім келеді: тұрмыстық шаруаны, тамақ дайындауды, тазалықты және жақында босанған анаға күтім жасауды мойындарыңызға алсаңыздар екен. Өйткені әйел бұл дүниеге жаңа өмір әкелді, ал оның ағзасы тек физикалық емес, эмоциялық тұрғыдан да өте үлкен жүктемеден өтті. Босанғаннан кейін әйелдің гормондары тұрақсыз болады. Қалпына келуге уақыт қажет. Кем дегенде алғашқы 40 күн. Сондықтан әрбір жұп отбасы, ұрпақ мәселесіне саналы түрде әрі жауапкершілікпен қараса екен деймін".
Көрнекі сурет/depositphotos.com
"Бала туу оңай емес. Ол процесті өз көзіммен көрдім"
Расында, кейінгі кезде осынау маңызды процесті әйелімен бірге еңсеретін ер адамдардың қатары көбейіп келеді. Әлеуметтік желіде өз тәжірибесін бөліскендердің бірі - Елдос Серікбаев.
"Instagram желісінде босануға серіктес ретінде кіру жайлы видео шығарған едім. Алғашқы тәжірибемді бөлісейін деп шештім. Кейбір таныс және таныс емес адамдар "кірме, оған доула, акушер керек, сен дайын емессің" деді. Бірақ әйеліме қолдау керек екенін сездім. Сондықтан бірге кіремін деп шештім", - дейді ол.
Елдос Серікбаев 4-5 ай бұрын жұбайымен бірге ақпарат жинап, дайындалғанын да жеткізді.
"Интернеттен онлайн лекциялар оқыдық. Instagram, TikTok желісін де қарадық. Босануға шамамен бір жарым апта қалған кезде доуламен кездестік. Доула 3 сағаттай кеңес беріп, лекция өткізді. Доуламен кездеспей тұрып, жұбайыммен босанғанға дейін, толғақ енді басталғанда не істеу керек екені, босанудың қандай сатылары бары туралы видео көргенбіз. Доуламен кездесу де көп көмегін тигізді, лайфхактарын айтты", - деді ол.
Оның сөзінше, босануға серіктес ретінде қатысқан достарынан да ақпарат алған.
"Бала туу оңай емес. Ол процесті өз көзіммен көрдім. Барлық сатыда бірге болдым. Бала шыққанын да, әйелім қиналып жатқанын да көрдім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Еден жуу, нәрестенің жөргегін ауыстыру, түнде бір-екі рет тұру деген нәрселерді әйел адам өткен қиындықпен салыстыруға да келмейді. Сол үшін кез келген жерде көмек беруге тырысамын. Барлығын жасаймын. Жөргек ауыстырудың 80 пайызын жұбайым, 20 пайызын мен жасаймын. Бірақ үйде болсам бірден ауыстыруға тырысамын. Үлгермей жатсам, жұбайым ауыстырады. Қазір - әлеуметтік желі дамыған кез. Ер адамның өзі керек кезде көп нәрсе жасай алады", - деп түйіндеді ол.
Мақала авторы: Руслан Базарбаев
Massaget.kz