Күніне бір рет тамақ жесе не болады?

Арықтағысы келетін немесе денсаулықты сақтағысы келетін көптеген адам тамақтанудың түрлі режимін байқап көреді. Сондай әдістердің бірі –күніне бір рет тамақтану немесе OMAD (ағылшынша One Meal a Day – күніне бір тамақ). Күніне бір рет тамақтанса, ағзада қандай өзгерістер болады? Tengri Life мұндай тамақтанудың артықшылықтары мен кемшіліктерін ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күніне бір рет тамақтанудың артықшылықтары

Салмақтың азаюы

Көпшіліктің бұл тамақтану әдісін қолдану себебі – артық салмақтан арылғысы келуі. Күніне бір рет тамақ жеу автоматты түрде тұтынатын жалпы калория мөлшерін азайтады. Себебі тамақ ішуге арналған уақыт шектеулі. Бұл калория жетіспеушілігіне әкеледі, ал ол салмақтың азаюына ықпал етуі мүмкін.

Зат алмасудың жақсаруы 

Жүйелі түрде ашығу зат алмасуға жағымды әсер етуі мүмкін. Уақытша тамақ ішпеу ағзаға тазаруға көмектеседі. Ашығу кезеңдері аутофагияның іске қосылуына ықпал етеді: бұл кезде ағза зақымдалған жасушаларды қайта өңдейді, яғни денсаулық жағдайы жасушалық деңгейде жақсарады.

Ыңғайлылық

Күніне бір рет тамақтану бос уақыттың көбеюіне әкеледі. 

Күніне бір рет тамақтанудың кемшіліктері 

Артық тамақтану қаупі бар

Күніне бір рет қана тамақ ішсеңіз, бір отырғанда тамақты көп жеп қою қаупі жоғары. Бұл асқазанда жағымсыздықтың пайда болуына және асқорытудың қиындауына әкелуі мүмкін. 

Қоректік заттардың жетіспеушілігі

Тамақты күніне бір-ақ рет жеп, барлық қажетті дәрумендер мен минералдарды алу қиын. Бұл әсіресе қоректік заттарды ерекше қажет ететін жандар, мысалы, спортшылар мен жүкті әйелдер үшін маңызды.

Энергия деңгейінің төмен болуы

Көпшілік адам ұзақ уақыт бойы тамақ жемесе, энергияның төмендеп кеткенін cезеді. Сондай-ақ кей адамдар ашуланшақ болып кетуі немесе басы айналуы мүмкін. Көмірсулардың және басқа да энергия көздерінің жүйелі түрде түспеуі жұмысқа қабілеттілікке және зейін қоюға әсер етуі мүмкін. 

Зат алмасудың баяулауы

Уақытша метаболизмнің жақсаруына қарамастан, ұзақ уақыт бойы күніне бір рет тамақтану зат алмасудың баяулауына әкелуі мүмкін. Ағза энергия үнемдеп бастайды, ол ары қарай салмақ тастауды қиындатады.

Күніне бір рет тамақтануды шешсеңіз...

Егер күніне бір рет тамақтануды шешсеңіз, кей ұсыныстарды сақтау керек:

  • Қоректік тағамдарды таңдаңыз. Тамақтануды мүмкіндігінше үйлесімді етуге тырысыңыз. Рационға ақуыздар, пайдалы майлар, күрделі көмірсулар, көкөністер мен жемістерді қосыңыз.
  • Порция мөлшерін қадағалаңыз. Қарныңыз қатты ашса да, артық тамақтанбауға тырысыңыз.
  • Көбірек су ішіңіз. Су тепе-теңдігін сақтау үшін және ас қорытуға көмектесу үшін күні бойына жеткілікті су ішіңіз.
  • Ағзаңызды тыңдаңыз. Егер әлсіздік, шаршаңқылық немесе басқа жағымсыз белгілерді сезсеңіз, бұл режим сізге сәйкес келмеуі мүмкін.

Ескерту: мұндай тамақтану режиміне өтпес бұрын дәрігермен кеңескен дұрыс.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!