- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Күнәлары кешіріледі". Ауыз...
"Күнәлары кешіріледі". Ауыз аштырудың 4 сауабы
Рамазан айында ораза ұстаған адамның аузын аштырсаңыз, оның 4 түрлі сауабы болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Islam.kz-ке сілтеме жасап.
Ауыз аштырудың нақты қандай пайдасы барын мына бір хадистен білуге болады. Ибн Хузеймәның хадистер жинағында орын алған ұзақ бір хадисте Алла елшісінің мынадай сөзі орын алған:
"Кім ораза ұстаған адамның аузын аштырса, онысы күнәләрына кешірім болады және ол тозақ отынан азат болады. Және де ораза ұстаушыға берілетіндей сауап, ораза ұстаушыдан кемітілместен оған да (ауыз аштырған адамға да) беріледі" деді. Сонда сол жердегі сахабалар Алла елшісіне:
- Ораза ұстаушының аузын аштыруға бәріміздің шамамыз жете бермейді, - дейді. Алла елшісі болса оларға:
- Ондай сауапты Алла Тағала бір құрмамен болса да ораза ұстаушының аузын аштырған кісіге де береді. Тіпті, бір жұтым су беріп болса да ауыз аштырған кісіге немесе су араласқан сүт беріп болса да ауыз аштырған кісіге сондай сауап беріледі, - деп жауап береді.
Осы хадистің жалғасында былай делінген:
"Кімде-кім ораза ұстаушы адамды тойдырса, Алла Тағала қиямет күні оны, менің хаузымнан (кәусар хаузынан) бір жұтым шербет ішкізеді, сосын ол пейішке кіргенге дейін шөлдемейтін болады". (Ибн Хузәймә риуаят еткен).
Тағы бір хадисте ауыз аштырудың пайдасы жөнінде былай делінген:
"Кімде-кім адал табысынан ораза ұстаушы кісіге тамақ және су беріп аузын аштырса, оған періштелер Рамазан бойы жарылқау тілейді. Ал Жебірейіл періште (ғалейһиссәләм) ол үшін қадір түні Алладан жарылқау тілейтін болады". (Имам Табарани риуаят еткен).
Демек, жоғарыда келтірілген хадистерге қарай отырып ауыз аштырудың 4 түрлі сауабы барын айтуға болады. Олар:
1. Ораза ұстаушының сауабы беріледі.
2. Күнәлары кешіріледі.
3. Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.
4. Тозақ отынан азат болады.
Осы орайда ауыз ашар беруге шамасы келмейтін немесе уақыты тығыз болып, уақыт таба алмаған кісілер ораза ұстаған кісіге бір түйір құрмамен болса да немесе бір жұтым сумен болса да ауыз аштырса, оларға да бұл аталмыш жақсылықтардың берілері сөзсіз. Осыдан да Рамазан айының қаншалықты берекелі ай екендігін ұғынуға болады.
А. Жапатова