- Негізгі бет
- LifeStyle
- Күні-түні у-шу: демалыс...
Күні-түні у-шу: демалыс күні жөндеу жұмысын жүргізіп, шулауға бола ма?
Көп пәтерлі тұрғын үй кешенінде тұратын қазақстандықтар үшін тыныштық өте маңызды. Көршіңіз демалыс күндері жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әуеннің дауысын барынша қатты шығарып қойса, тыныштық бұзылып, шамыңызға тиетіні белгілі. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін "Право знать" Telegram-арнасы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тыныштық бұзу дерегі тіркелсе оған әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау қажет.
Автордың айтуынша, бұл талап жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлік субъектілеріне де қолданылады. Егер көршілер немесе ойын-сауық орындары заңмен белгіленген уақыттан бұрын немесе кейін шуласа, онда тыныштықты бұзды деп видео немесе аудиоға жазып, полиция шақыруға болады.
Тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл көлемі:
- Жеке тұлғаларға - 5 АЕК (17 700 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК (69 000 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 30 АЕК (103 500 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК (345 000 теңге).
Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта бұзылса айыппұл мөлшері артады.
- жеке тұлғаларға - 10 АЕК;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 4 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК-ге дейін көтеріледі.
Дегенмен заңгер шу төтенше жағдайға байланысты, мысалы үйде құбыр сынып апатты жою үшін шықса, тыныштықты бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын ескертті.
Тыныштықты сақтауға қатысты шектеу уақытқа ғана емес, дыбыс деңгейіне де қатысты. Заң бойынша рұқсат етілген шу шегі бар, олар:
- тұрғын үй-жайларда - күндіз 55 дБА және түнде 45 дБА
- жатақханалардың тұрғын бөлмелерінде - күндіз 60 дБА және түнде 50 дБА.
Дыбыс деңгейін өлшеп-білу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласу қажет. Егер өлшеу арқылы талап бұзылғаны анықталса, шулаған көрші немесе мекемеге қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылады.
Жоба авторы жөндеу жұмыстарын бастағыңыз келсе, ең алдымен көршілерді жоспар туралы ескертуге кеңес берді.
"Жөндеу жұмыстары әрдайым шулы болғандықтан, әкімшілік жауапкершіліктен қаша алмайсыз, осыған байланысты көршілерге алдын-ала ескерту жасап, қолайсыздық үшін кешірім сұрауды ұсынамын", - делінген жазбада.
Еске салайық, бұған дейін белгісіз адамға қателесіп аударып жіберген ақшаны қалай қайтаруға болатыны туралы жазған едік.
Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 29 күні дүниеге келген адамдар қандай болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә