Күн суытқанда қалай тамақтану керек? Дәрігер кеңес берді

Күн суытқан кезде ағзаның қуатқа деген қажеттілігі артуы мүмкін. Сондықтан күз мезгілінде дұрыс тамақтануға ерекше мән берген жөн. Бұл туралы "Гемотест" зертханасының дәрігері, гастроэнтеролог Екатерина Кашух айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі RT басылымына сілтеме жасап.

Маманның айтуынша, суық күндері ағза жылыну үшін көбірек қуат жұмсайды. Осы кезеңде ақуызға бай тағамдарды жеткілікті мөлшерде тұтыну маңызды. Ақуызды майы аз еттен, балықтан, жұмыртқадан және бұршақ тұқымдас өнімдерден алуға болады.

Дәрігер майлы тағамға тәбеттің артуын D дәруменінің жетіспеуімен байланыстырды. Алайда мұндай тағамдарды шамадан тыс жеуге болмайды. Әсіресе асқазан-ішек жолдарының аурулары бар және артық салмақтан зардап шегетін адамдар сақ болғаны жөн. Ал салаттарға суық сығымдау әдісімен алынған өсімдік майларын қосуға кеңес берді.

Сонымен қатар, күзгі ас мәзірінде маусымдық көкөністер мен жемістер болғаны дұрыс. Асқабақ, қырыққабат, сәбіз, алма мен алмұрт – осы мезгілде тұтынуға болатын пайдалы өнімдер.

Гастроэнтеролог көкөністер мен жемістердің құрамындағы жасұнықтың ішектегі пайдалы бактериялардың тіршілігін қолдайтынын атап өтті. Ал ішек микрофлорасының саулығы ағзаның иммундық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуінде маңызды рөл атқарады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз