Актриса, тележүргізуші, әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова құқығы тапталып, алданып жатқанын және полицияға арыз түсіргенін айтты. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде құқығым тапталып, алданып жатқандығым туралы полицияға шағым түсірдім. Алайда олар іс қозғамады. Заң бойынша аудандық сотқа шағымдандым. Сот шешімі менің пайдама шешілмегендіктен, қалалық соттың апелляциялық алқасына шағым түсіруге мәжбүр болдым. Естеріңізде болса, 2021 жылы зор қуанышпен өздеріңізден сүйіншілеп, TUMARGrandVillage құрылыс компаниясынан үй алғанымды хабарлап едім. Сол жылы балаларым "Анашым, жер үйге көшейікші, өзіміздің ауламыз болса, бақшасына жемістер егейік" деп сұрады. Бұл ой маған да ұнады. Сол сәттен бастап, үй іздеуге кірістім. Өз пәтерімді сатуға шығарып, тез арада көшкім келді. Бар ойым үйімді сатып, жер үй салу немесе сатып алу болды", – деді актриса.
Ол Астанадағы коттедж салатын бірнеше компанияларға да барғанын, сол ізденісте жүргенде TUMARGrandVillage қалашығын көрдім де, ұнатып, сол жерден үй алғысы келгенін айтты.
"Нәтижесінде, құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра есімді келіншекпен таныстым. Ол маған мынадай ұсыныс айтты. "Сен сатуға қойған пәтеріңді менің інім Диардың атына жазып бересің. Біз саған TUMARGrandVillage қалашығынан 1 жылда екі қабатты жер үй салып береміз. Ал оған дейін сен пәтер жалдап тұрасың" деді. Мен келісе кеттім. Ойымдағы үйдің табылғанына қуанғаным да рас. Содан күтумен арада 2 жыл өтеді. Мен пәтерден-пәтерге көшіп шаршадым. Жалдап тұру балаларымның да ашуына тие бастады. 2024 жылдың көктемінде менің үйімнің жақын арада бітпейтінін түсініп, Диляраның алдына бардым. Бұдан артық күте алмайтынымды жеткізіп, өз үйімді қайтарып беруін сұрадым", – деді ол.
Ол актрисаға сол кезде пәтерін банкке кепілдікке тіккенін естіртіп, ол үйде тағы бір інісі отбасымен тұрып жатқанын, қайтарып бермейтінін айтқан.
"Жақсы, оған да көндім, ендеше, мынау бітпей тұрған жер үйімді өзім болса да, аяқтайын, соның құжатын берші деп талап еттім. Себебі әкімшіліктен объектіні пайдалануға қабылдау актісі құжатын жасатпақ болдым. Бірақ соғылып жатқан үйге де, жерге де құжат бермеді. Не мардымды жауап та ала алмадым. Осы кезде көңілімде күдік пайда болды. Іздене бастадым. Сол кезде сұмдық жайды білдім. Менің үйім деп жүрген құрылысты, жерді маған айтпай, "Аграрлы кредиттік корпорацияға" кепілдікке салып жіберген. Бір қызығы – мен аудандық сотқа барарда, Диляра маған алдын ала білгендей ескертті. "Сен сотта жеңілесің! Қаласаң да, қаламасаң да, күтесің!" деді", – деп жазды актриса.
Жұлдыз Әбдікәрімова бұл жағдайды көпшілікке жария етуінің екі себебін атады.
"Біріншіден, TUMARGrandVillage қарап жүрген болсаңыздар, ойланыңыз! Менің қателігімнен сабақ алып, алданып қалмаңыз. Екіншіден, аудандық соттың шешімі әділ болмады. Неліктен соттың қарсы тарапқа бүйрегі бұрғандығы туралы фактілер анықталды. Оны алдағы қалалық сотта дәлел ретінде қолданатындықтан, ашып жазуыма болмайды. Алдағы қалалық соттың әділ өтетіндігіне сенгім келетінін жеткізу", – деді тележүргізуші.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз