Әжейді вокзалдан үйіне шығарып салған полицейдің әрекеті Қазнетті тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео әлеуметтік желіде тараған болатын. Көліктегі полиция департаменті өкілдері видеоға қатысты пікір білдірді.
Оқиға 26 тамызда сағат 11.30-да Орал қаласында болған. Жан-жағына қарап, адасып жүрген әжейді Орал станциясындағы полицияның желілік бөлімінің патрульдік полиция тобының полицейі Мирас Жасұланов байқап қалған.
Әжей аты-жөнін, қайда тұратынын және вокзалға қалай келгенін айта алмаған. Артынша әжей жартылай есте сақтау қабілетінің жоғалуынан зардап шегетіні анықталған.
"Полиция қызметкері бірден әжейдің кім екенін және оның қайда тұратынын анықтады. Ол такси шақырып, 85 жастағы әжейді үйіне дейін шығарып салды. Әжей полицейге көмектескені үшін алғысын білдірді", - дейді Көліктегі полиция департаменті өкілдері.
23 жастағы полиция сержанты Мирас Жасұланов полицияда 2020 жылдан бері жұмыс істеп жатыр екен. Үйленген, жақында ұлды болған.
"Бұл қандай да бір марапат беретін әрекет деп ойламаймын, себебі тек полицейдің емес, кез келген азаматтың міндеті", - дейді Мирас.
Видео uralsk online парақшасында пайда болған еді. Бүгінде Желіде тараған видео 400 мыңға жуық қаралым жинаған.
"Әжейді кішкентай бала сияқты ертіп бара жатыр, сүйкімді-ақ ұстап алыпты".
"Нағыз құрметтеуге тұрарлық әрекет".
"Рақмет, ботам, жұмысың биіктесін, осындай балалар аман болсын".
"Жылағым келіп тұр, адам қартайғанда бала секілді болып қалатыны рас екен".
"Өте әсерлі көрініс", - дейді Қазнет қолданушылары.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!