Қазақстанда 15 сәуірде ғашықтар мерекесі - Қозы Көрпеш - Баян Cұлу күні тойланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мерекенің тарихы
2011 жылдан бастап бұл күн ұлттық ғашықтар күні ретінде атап өтіледі. Мереке ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған дастан - Қозы мен Баянның махаббат хикаясына арналған.
"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" сериалынан алынған кадр
Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күнін алғаш рет 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған. Ол жастар ұйымдарын, оқу орындарын және БАҚ өкілдерін ұлттық ғашықтар күнін атап өтуге шақырған. Бастама көпшілікке ұнағанымен, мерекенің нақты күні ұзақ уақыт бекітілмей, әр өңірде әртүрлі тойланып жүрді.
2011 жылы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді Ұлттық ғашықтар күні ретінде ресми іс-шаралар тізіміне енгізді. Кейін бұл мереке жастар арасында кең тарап, ұлттық құндылықтармен сабақтасқан дәстүрге айналды.
Қозы Көрпеш - Баян Cұлу жыры
Қозы Көрпеш - Баян Сұлу жыры - халқымыздың асыл мұраларының бірі. Шығарма қос ғашықтың қайғылы махаббатын баяндайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бері айтылып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен. Эпос Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже сияқты ақындар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Жырға сүйеніп жазылған Ғабит Мүсіреповтің пьесасы 1939 жылы жарық көріп, 1940 жылы М.Әуезов атындағы театр сахнасында қойылды. Ал 1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген фильм көрерменге жол тартты. Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданында қос ғашыққа арналған кесене орналасқан. 2023 жылы бұл нысан "Қазақстанның киелі жерлері" тізіміне енгізілді.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ескерткіші. ШҚО, Аягөз ауданы
Мерекеде не істеуге болады?
Бұл күн - сүйіктіңізге көңіл бөліп, қарым-қатынасты нығайтудың жақсы мүмкіндігі. Кейде қымбат сыйлықтың қажеті жоқ, шынайы ықылас пен жылы сөздің өзі де жеткілікті. Мысалы естелік суреттерден альбом жасап, қолмен жазылған хат сыйлауға немесе сүйікті тағамын әзірлеуге болады.
ЖИ
Ғашықтар күні - бірге уақыт өткізіп, қарым-қатынасты жақындата түсетін сәт. Кездесуге шығып, әңгімелесіп, серуендеу де ерекше әсер сыйлайды.
Ал өмірлік серігіңізді әлі жолықтырмасаңыз, бұл күнді өзіңізге арнауға болады. Сүйікті ісіңізбен айналысып, демалып, өзіңізге қуаныш сыйлаңыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова