Сіз жүрілген көлікті сатып алғыңыз келді ме? Әлде алыпсатар сізге "жақында Жапониядан келді, тек әже жүргізген" деген классикалық ертегіні айтып берді ме? Қалай болғанда да, қозғалтқыштың жағдайын өзіңіз тексермесеңіз, "темір тұлпар" емес, нағыз "темір табыт" сатып алуыңыз мүмкін. Автоэксперт Дильяр Тевахунов қарапайым тексеру әдістерімен бөліседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Автоэксперт Дильяр Тевахунов - қазақстандық автомобиль нарығында тәжірибесі мол маман. Ол көліктердің жасырын ақауларын бір көргеннен-ақ байқап, қозғалтқыштың "жаны ауырып тұрғанын" немесе "мінезі бар" екенін анықтап бере алады. Екінші нарықтағы көлік таңдаудың қыр-сырын қарапайым тілмен түсіндіреді.
Фото: depositphotos.com
Автоэксперт жүрілген көлік сатып алған кезде, ең бірінші май қақпағын тексеруге кеңес берді.
"Қозғалтқышты оталдырып, май қақпағын босатып қойыңыз. Егер қақпақ секірсе, бұл ішкі қысымның дұрыс емес екенін білдіреді. Мұндай қозғалтқыш майды шамадан тыс жұмсайды және поршеньдік топтың жағдайы сын көтермейді", - дейді эксперт.
Фото: depositphotos.com
Түтін түсіне де мән беріп, қозғалтқыш жағдайын анықтауға болады екен.
"Көк түтін - қозғалтқыштың майды жеп жатқанын білдіреді. Бұл қымбат жөндеудің белгісі. Ақ түтіннен қорқудың қажеті жоқ, ол көбіне жай ғана конденсат", - дейді Дильяр.
"Май қақпағын ашып қараңыз, газ шығаратын түтікті тексеріңіз. Егер күйенің қалың қабаты немесе ақ дақтар байқалса, ол қозғалтқыштың айтарлықтай мәселеге тап болғанын көрсетеді", - дейді автоэксперт.
Қозғалтқыштың "жүрек соғысын" тыңдап, алғашқы ауру белгілерін байқасаңыз, артық шығыннан құтыласыз. Ақылмен сатып алыңыз!
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!