- Негізгі бет
- LifeStyle
- Көз не үшін...
Көз не үшін жасаурайды? Офтальмолог жиі кездесетін 7 себепті атады
Көздің жасаурауы қай кезде болмасын жағымсыздық сыйлайды. Ол жиі жел немесе аллергия себебінен жасаурайды. Бірақ оның себебі ағза жұмысындағы бұзылыстан да болуы мүмкін. Күн сайын ересек адамда 1 мл көз жасы сұйықтығы бөлінеді. Көз жасы сұйықтығы көздің сыртқы қабықшасын ылғалдандырады және оны құрғап кетуден қорғайды. Ол арнайы каналдар арқылы жас қабына түсіп, сол жақтан мұрын-көзжас өзегі арқылы мұрын жолына кетеді. Алайда неліктен кенеттен көз жасы көбейіп кетеді? Офтальмолог Владимир Агеев оның жиі кездесетін 7 себебін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.
Сыртқы себептер
Кейде күшті эмоционалды уайым фонында немесе бірден ауырсыну синдромы кезінде көз жасаурауы мүмкін. Сондай-ақ көз сыртқы ортаның қолайсыз шарттарынан жасаурайды: күн жарығы, суық, қатты жел.
Жанама линза тағатын адамдар құралды дұрыс қолданбаған кезде және асүйде пияз, қызыл бұрыш кескенде, көз жасаурайды. Олардың барлығы табиғи нәрсе. Тітіркендіргіш фактор кеткен кезде көздің жасаурауы да өздігінен кетеді.
Ішкі себептер
Ал көздің жасаурауы ағзадағы патологиялық процестермен байланысты болса, бұл қауіпті болуы мүмкін.
1. Мұрын-көзжас өзегінің бітеліп қалуы
Көздің үнемі жасаурауы - мұрын-көзжас өзегі бітеліп қалуының негізгі белгісі. Сәбилерде мұндай бұзылыс әдетте көз жасы бездері мембранасы құрылысының ерекшеліктерінің себебінен пайда болады. Ал ересектерде зақым немесе көру органдарындағы созылмалы қабынулар салдарынан пайда болуы мүмкін. Көз жасы сұйықтығының ұзақ уақыт бойы жиналуы қабыну ауруларын ынталандыруы мүмкін. Мысалы, кератит – нұрлы қабықтың қабынуы немесе конъюнктивит – конъюнктиваның қабынуы.
2. Конъюнктивит
Көздің жасаурап тұруы конъюнктивитті білдіруі мүмкін. Бұл аурудың пайда болуына әдетте аллергиялық реакциялар мен вирусты инфекциялар себеп болады. Конъюнктивитті анықтау оңай. Бұл кезде көзіңіз қызарып кетеді, ауырады және қышиды.
3. Кератит
Кератит немесе нұрлы қабықтың қабынуы жиі инфекциялар (вирустық, бактериялық, саңырауқұлақ) немесе зақым алу, соның ішінде күйік және химиялық зақымдар нәтижесінде дамиды. Кератит кезінде де көздің жасаурауы жалғыз белгі емес. Кератитте көз қызаруы, жарықты көтере алмау, шаншып ауыру, көздің ішінде басқа зат бар секілді сезім және ісіну байқалуы мүмкін.
4. Құрғақ көз синдромы
Құрғақ көз синдромы кезінде нұрлы қабық құрғап кетеді. Қазір ол көпшіліктің гаджеттерде көп отыруының салдарынан жиі кездеседі. Компьютер алдында ұзақ жұмыс істеу немесе әлеуметтік желілерді үздіксіз ақтару көз жыпылықтауының азаюына әкеледі. Соның салдарынан көз жасы сұйықтығы көз бетіне қалыпты таралмайды. Құрғақтық пайда болады, содан соң қандай да бір уақыттан соң ағза еріксіз жас ағызу арқылы оның орнын толтырғысы келеді.
5. Блефарит
Блефарит немесе көз қабағының созылмалы қабынуы офтальмологияда жиі кездеседі. Қабыну процесі ішкі шырыштыларға да, қабақ бетіндегі тері бөлігіне де әсер етуі мүмкін. Әдетте қабыну екі көзге тарайды, бірақ тек бір көзде де дамуы мүмкін. Блефарит аллергиялық немесе вирустық болуы мүмкін. Бұл ауруды сондай-ақ жиі майлы бездерде және шаш түйіндерінде болатын демодекс кенелері қоздырады. Бұл паразит шартты-патогенді болып келеді. Сау адамда ол еш білінбеуі мүмкін, ал иммунитеті әлсіз адамда қабыну ынталандыруы мүмкін.
6. ЖРВИ және басқа да инфекциялар
Көздің жасаурауы әркез офтальмологиялық аурулармен байланысты болмайды. Бұл проблема қарапайым тұмау кезінде де пайда болуы мүмкін.
7. Аллергия
Көздің жасаурауы, қабақтың ісіп кетуі, күйдіріп ауыру және конъюнктивит аллергияның кең тараған белгілеріне жатады. Аллергия түріне қарай көз үнемі немесе нақты кезеңде жасаурайды.
Көз жасаурауынан қалай арылуға болады?
Егер көзіңіз үнемі жасаурайтын болса, міндетті түрде офтальмолог маманына қаралыңыз. Бұл жағдай басқа аурулардың белгісі болуы мүмкін болғандықтан, науқас өз бетінше диагноз қоя алмайды.
Оқи отырыңыз: Көздің көруін нашарлататын сіз ойламаған 6 әдет
А. Жапатова