- Негізгі бет
- LifeStyle
- Коуч Роза Әшірбаева...
Коуч Роза Әшірбаева қыздар неге отбасылы еркекпен жүретінін айтты
Танымал коуч әрі блогер Роза Әшірбаева өзінің instagram-парақшасында қыздар неліктен отбасылы еркекке қарайтынын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Коуч "отбасылы еркек көңілдес тапса кім кінәлі" деген сұраққа жауап іздеді.
"Қоғам ұйыған отбасының ортасына түстің деп көңілдесті кінәлайды. Әйелдер психологтары өзіңе қарамай кеттің деп некелі жарын кінәлайды. Екі әйел бір-бірін түтіп жеп, қызыл кеңірдек болып ұрсысып, өздерімен жұмыс жасап, бал аштырып, дуалап-қуалап жүргенде осы драманың басты режиссері – еркек көзден таса қалып жатыр", – дейді ол.
Блогер жас қыздар неге үйленген жігіттің құрығына түсетінін түсіндіріп берді.
"Мұндай еркектер сыртта өзін бойдақ қылып көрсетеді, солай сөйлеседі, қыздарға сұқтана қарап, көзбен ішіп-жеп, басы бос жігіттерше әңгіме айтады. Нөмір алмасады. Ондай еркектер whatsapp және instagram-ға отбасының суретін қоймайды. Профиліне "бақытты әке, сүйікті жар" деп жазып қоймайды, неке жүзігін тақпайды, балаларын көшеде ойнатпайды, бесік арба итермейді. Әйелін тек бала-шағамен қыдыруға алып шығады, өйткені бала болса, бала ойнайтын орталыққа бара салады. Мейрамхана, кинода ашыналары көріп қоюы мүмкін. Жабыстырып джинс шалбарын кимей және әтірге шомылмай үйден шықпайды.
Отбасылы болған соң ондай еркектер нағыз "эксперт": әйелге қандай сөз айту керек, не деп жүрегін жаулау керек екенін біледі. Некелі жарының сұрап, армандап айтып жүрген романтикасын жас қызға үйіп-төгіп көрсетеді. Қыз сүйіп қалады. Сүйгені соншалық, үйленгенін білсе де ажырай алмайды, өйткені еркек әйелімді тастаймын деп уәде береді", – дейді Роза Әшірбаева.
Коуч Розаның айтуынша, мұндай ер адамдар әйеліне жиі шағымданады.
"Драманың режиссері екінші тарапты да мықтап дайындайды. Ол күннен күнге әйеліне шағымды көбейтеді. Иісің жаман, толып кеттің, не киіп алғансың деп кемсітеді. Сондықтан еркек "мен оған қарағым келген жоқ, бірақ ол саған қарағанда жас, екпінді болған соң басымды айналдырып алды" десе, әйелі оған түсіністікпен қарайды.
Сүйіктісінен мұндай сөздерді естіген әйел күн санап өзін мүжіп тастайды. Еркекті жақтап, ашынасының шашын жұлады. Әйел мүжілмегенде қайсін? Бала да, үй де, қосымша табыс та, ата-ене, той-томалақ та тек соның мойнында. Ал еш қиындықсыз 8 сағаттық жұмысқа ғана барып келетін, үйінде "ultra all inclusive" форматында өмір сүретін еркекке "адреналин" жетпейді. Сондықтан ол екі немесе үш әйелді қырылыстырып қойып, ортасында сайран құрып жүреді", – дейді блогер.
Роза Әшірбаева әйелдерге өз кеңесін берді.
"Бұл жазбамен не айтқым келді? Қыздар еркектің сөзіне емес, ісіне қараңыздар! Күйеуіңіз сізге сұлу емессің деді ме? Ал сіз сұлу болып жүруіңіз үшін қандай жағдай жасады? Не әрекет етті?
Сізге бойдақ болып танысты ма? Некелі жары мен бала-шағасынан ұялатын еркекті еркек санатына қосу дұрыс па?", – деп қорытындылады ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова